Жыл басынан бері микроқаржы ұйымдары 275 млрд теңгеге байыды

Микроқаржы ұйымдарының жалпы активы 1,5 трлн теңгеге жетті. 

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 1,5 трлн теңгені құрап, бір тоқсанда 6%-ға, жыл басынан бастап 22,4%-ға өсті.

Қазіргі таңда МҚҚЖҰ активтері банк секторының жиынтық активтерінің 3,7%-ын құрайды.

Активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына - 714,7 млрд теңге немесе 47,6%, кредиттік серіктестіктерге – 579,5 млрд теңге немесе 38,6%, ломбардтарға – 206,6 млрд теңге немесе 13,8% тиесілі. Активтер құрылымындағы ең үлкен үлесті берілген микрокредиттер алады (құнсыздануға арналған резервтерді шегергенде) – 1,29 трлн теңге немесе активтердің жалпы сомасының 85,7%-ы.  Осы көрсеткіш бойынша тоқсан ішінде өсім 5,8%-ды, 2021 жылдың басынан бері – 23,9%-ды құрады.

01.10.2021 жылғы жағдай бойынша МҚҚЖҰ-ның жиынтық міндеттемелері тоқсан ішінде 6,2%-ға, жыл басынан бастап 23,6%-ға ұлғайып, 942,9 млрд теңгені құрады. Жиынтық міндеттемелердің негізгі үлесін алынған қарыздар 82,6% немесе 779,1 млрд теңге құрайды.

2021 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша МҚҚЖҰ-ның жалпы несие портфелі 1,32 трлн теңгені құрап, бір тоқсанда 7,8%-ға, жыл басынан 27,8%-ға артты. Бұл сектордың барлық сегменттерінде жеке тұлғаларға берілген қарыздардың өсуіне байланысты.

01.10.2021 жылғы жағдай бойынша жиынтық портфельден мерзімі өткен және жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі тиісінше 10,4% және 4,1%-ды құрады.

2021 жылғы қазанда қаржы ұйымдарының, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің іс-әрекеттеріне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1 578 өтініші  қаралды.

2021 жылғы қазанда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша уәкілетті органға келіп түскен өтініштер саны 14%-ға өсті. Бұл өтініштердегі негізгі мәселе негізінен банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болмауы, кепіл мүлкін өткізу және Ипотекалық (тұрғын үй) қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде борыш жүктемесін азайту болып табылады.

Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) тиесілі, ол өтініштердің жалпы санынан 58%-ды құрайды. Агенттік жалпы сомасы 1,77 млн теңгеге 3 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 2 жазбаша ұйғарым және 11 әкімшілік жаза қолданды.