Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржыландыру нарығын қызметі оларға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін және тұтынушылардың мүдделеріне айтарлықтай қауіп төндіретін жосықсыз қатысушылардан тазарту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп отырады.

Осыған байланысты 2022 жылдың басынан бері микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 72 ұйымға (бұдан әрі – МҚҚЖҰ), оның ішінде 18 микроқаржы ұйымына (бұдан әрі – МҚҰ), 46 ломбардқа және 8 кредиттік серіктестікке қатысты Агенттік микроқаржылық қызметке арналған лицензиядан айыру түрінде санкциялар қолданды.

Лицензиядан айыруға мыналар негіз болды:

  • 10 МҚҰ, 7 ломбард және 6 кредиттік серіктестік бойынша: лицензия алған күннен бастап қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде қызметті жүзеге асырмау;
  • 1 МҚҰ бойынша: уәкілетті органның жазбаша ұйғарымдарын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) орындамау;
  • 1 МҚҰ бойынша: қызметін заңдардың, уәкілетті органның, Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұза отырып жүзеге асыру, сондай-ақ заңнамалық түрде рұқсат етілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру;
  • 6 МҚҰ, 39 ломбард және 2 кредиттік серіктестік бойынша: қайта ұйымдастыруға немесе таратуға байланысты қызметті ерікті түрде тоқтату.

Сонымен қатар, уәкілетті органның жазбаша ұйғарымын орындамағаны үшін «Ломбард Astana Gold» ЖШС лицензиясының қолданысы 08.08.2022ж. бастап 3 айға тоқтатылды (Заңның 16-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес).

Агенттік 50 АЕК-ке дейінгі қысқа мерзімді онлайн микрокредиттер сегментінде жоғары өсімді байқап отыр. Осыған байланысты  50 АЕК-ке дейінгі онлайн микрокредиттер бойынша берешектің шамамен 80%-ы үлесіне тиетін 10 ірі МҚҰ-ға қатысты тексеру жүргізу жоспарланып отыр.  Ағымдағы жылдың соңына дейін 6 МҚҰ-да тексеру аяқталатын болады.

Санкциялар қолданылған МҚҚЖҰ бойынша барынша жан-жақты ақпаратпен «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялар» бөлімінде танысуға болады.

Сонымен қатар, 2022 жылдың басынан бастап коллекторлық агенттіктердің қызметін реттеу мен бақылауды жүзеге асыруы шеңберінде коллекторлық агенттіктердің тізілімінен 31 коллекторлық агенттік шығарылды. Тізілімнен шығаруға:

  • 26 коллекторлық агенттік бойынша: коллекторлық агенттіктің өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешімі («Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес);
  • 5 коллекторлық агенттік бойынша: коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде коллекторлық қызметті жүзеге асырмауы негіз болды.

Тізілімнен шығару туралы хабарламаны алған сәттен бастап коллекторлық агенттіктерге берешекті өндіріп алу туралы жаңа шарттар және (немесе) банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша коллекторлық агенттікке құқықтың (талаптың) өту талаптарын қамтитын шарттар жасасуға тыйым салынады. 

Санкциялар қолданылған коллекторлық агенттіктер бойынша барынша жан-жақты ақпаратпен мына сілтеме бойынша танысуға болады: «Коллекторлық агенттіктер».