2025 жылдың қаңтар–тамызы аралығында республикалық бюджеттен қазақстандықтарға 2,8 трлн теңге зейнетақы төленді. Оның ішінде:

  • базалық зейнетақы – 907,4 млрд теңге,
  • ынтымақты зейнетақы – 1,9 трлн теңге.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 2,5 млн адам зейнетақы алушы ретінде тіркелген.

Орташа төлем

Қазір орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 142 894 теңге:

  • ынтымақты зейнетақы – 95 326 теңге,
  • базалық зейнетақы – 47 568 теңге.

Салыстыру үшін, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық төлем 6,5%, ынтымақты зейнетақы 8,5% өсті. Бұл Ұлттық банк болжамды инфляция деңгейінен жоғары.

Базалық зейнетақының жаңа формуласы

2023 жылдан бастап мемлекет базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен өсіруді қолға алды. Жоспар бойынша бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақы 70% күнкөріс минимумына дейін көтеріледі, ең жоғарғысы – 120% деңгейге жетеді.

2025 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге, ал ең жоғарғысы 50 851 теңге болып бекітілді.

Базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне тікелей байланысты:

  • 10 жылға дейін – күнкөріс минимумынан 70%,
  • әр қосымша жыл үшін +2%,
  • 30 жылдан асса – 110% мөлшерінде белгіленеді.

Ынтымақты жүйе мен жинақтаушы қордың рөлі

Ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен соңғы жылдардағы орташа табысқа тәуелді. Ал базалық бөлік толық көлемде міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты төленуіне байланысты.