Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2021 жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6% өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады.
«Есептік кезеңде тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,9%-ға ұлғайып, 81,8 млрд теңгені құрады», — деді Е. Қарашөкеев.
Оның айтуынша, заттай мәнде ағымдағы жылдың 10 айында жарма өндіру көлемі 5,3%-ға, крахмал өнімдерін өндіру көлемі 18,7%-ға, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру көлемі 2,8%-ға, қант өндіру көлемі 2,6 есе, қышқыл сүт өнімдерін өндіру көлемі 5%-ға, сары май өндіру көлемі 9%-ға артты.
Бұл ретте ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру көлемі 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру көлемі 0,4%-ға төмендеді.
Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 29 жоба пайдалануға берілді, оның ішінде жалпы қуаты 34 мың тонна ет өңдеу бойынша 6 жоба, жаңғырту және құрылыс есебінен жалпы қуаты 96 мың тонна сүт өңдеу бойынша 10 жоба, 530,0 мың тонна майлы дақылдар өңдеу бойынша 3 жоба және жылына 200 мың тонна бидайды тереңдете өңдеу бойынша 1 жоба, жалпы қуаты 23,5 мың тонна макарон және жарма өнімдерін өндіру бойынша 3 жоба іске қосылды.
«Бүгінде инвестициялық жобалар пулында шамамен 100 жоба бар, бұлар - өндірістің қосымша өсімін және тиісінше экспорттың қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар, бұл сайып келгенде, өңделген өнімнің экспортын ұлғайту бойынша қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.
2021 жылдың 9 айында экспорт $950,5 млн құрады. Экспорт көлемінің өсімі 2,4% құрады. Сүт өнімдері бойынша 2%-ға, макарон өнімдері бойынша 37,4%-ға, күнбағыс майы бойынша 11,7%-ға ұлғаю байқалады.
Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрайды. Бұл деңгейді біз өндіріс көлемін ұлғайту және экспорт үшін кедергілерді жою есебінен 70%-ға дейін екі еселеуге тиіспіз.
Экспорттың негізгі бағыттары – бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің, Ауғанстанның, сондай-ақ Еуропа елдерінің дәстүрлі өткізу нарықтары.
Ұлттық жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына инвестициялар тартуды ынталандыру үшін шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидиялар, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің лизингі мен кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелері, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары сақталды.
«Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 700 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл қосымша 7 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді», — деді Е. Қарашөкеев.