Қор нарығының қатысушылары көптен күткен маңызды оқиға – «ҚазМұнайГаз» IPO-сының да басталғанына көп бола қойған жоқ. IPO аясында ұлттық компания акцияларының 5%-ы, санмен айтқанда 30,5 млн қарапайым акция сатылымға шығарылып отыр. Бұл, әрине, еліміздің жеке тұлғалары үшін тамаша мүмкіндік. Бастапқы жария орналастыруға шығарылған акцияларды бірнеше жолмен сатып алуға болады. Соның бірі – Jusan Invest компаниясының көмегін пайдалану. Қаржы нарығында өз орнын әйгілеп үлгерген инвестициялық компания басшысы Максим Кабанов «ҚазМұнайГаздың» IPO-ға шығуы отандық қор нарығын дамытуға, келешекте жергілікті эмитенттер санының артуына ықпал етеді деп санайды. Бұл туралы ол блогер Ержан Есімхановпен болған әңгіме барысында айтып берді.
«Бұған дейін біздің қор нарығы дамымады, эмитент жетіспейді деп айтып келдік. Міне, кезекті IPO өткелі жатыр. «ҚазМұнайГаз» қазіргідей қиын кезеңде IPO-ға шығып жатыр. Жаңа клиенттер үшін, бұл – қор нарығында өз мүмкіндіктерін сынап көретін қолайлы кез.
IPO мағынасы бастапқы жария орналастыру деп тарқатылады. Яғни, бұған дейін қор нарығына қатыспаған компанияның алғаш рет халық алдында жария түрде акцияларын сатуы. Біздің жағдайымызда, «ҚазМұнайГаздың» акционері саналатын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұлттық компания акцияларының бір бөлігін бастапқы жария сатылымға шығарып отыр. Акциялар үшін бірыңғай баға белгіленген – 8406 теңге. Сәйкесінше, кез келген инвестор акцияны сатып алуға өтінім бере алады. Минималды шек – инвестор құны 8406 теңге тұратын бір акцияны сатып алуы тиіс. Максималды шек – бір инвестор ұлттық компания бүкіл акциясының 1 пайызын сатып ала алады. Бұл шамамен 6 млн акция», - деп түсіндіреді Максим Кабанов.
IPO аясында ұлттық компания акцияларын сатып алуға өтінімдер 2 желтоқсан сағат 15:00-ге дейін қабылданады. Акциялар сатылғаннан кейін 7 желтоқсан күні ол клиенттің брокерлік шотына ресми түрде есептеледі. 8 желтоқсанда сауда басталады. Халық брокерлік компанияның ресми сайтына кіріп, IPO аясында иеленген акциясын қайта сатып жібере алады. Ол үшін ешқандай салық та, комиссия да ұсталмайды.
«IPO өткен соң сауда басталады. Сауда кезінде акцияны қайта сатып жіберуге болады. Оған ешқандай шектеу қойылмайды. IPO-дан кейін KASE және AIX-та сатып алынатын, сатылатын акцияларға ешқандай табыс салығы салынбайды. Бұл шетелдік платформаларда шетелдік акциялардың саудасымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді», - дейді сарапшы.
Бұл IPO бізге не үшін керек?
Спикердің айтуынша, қазақстандық компаниялардың биржаға шыға бастауы отандық қор нарығының келешегіне үлкен әсерін тигізеді. Себебі, клиенттер, яғни, потенциалды инвесторлар өзіне таныс эмитенттің жағдайын шетелдік компанияларға қарағанда жақсырақ біледі. Тиісінше, оның жағдайын, қаржылық ахуалын бақылап, талдай алады. Бұл оған қолайлы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Қазақстан – мұнай мен газға бай ел. Ал «ҚазМұнайГаз» осы мұнай-газ саласындағы өндірудің, тасымалдаудың басым бөлігін еншілейді. ҚМГ – елдегі ең ірі салық төлеуші, ең ірі жұмыс беруші мекеменің бірі. Тағы бір тиімді нәрсе, егер сіз қазақстандық эмитенттің (мысалы, «ҚазМұнайГаздың») акциясын сатып алған болсаңыз, онда Қазақстан экономикасына үлес қосасыз. Тағы бір айта кетерлік жайт, ең бірінші кезекте жеке тұлғаларға қызмет көрсетіледі. Өтінімді брокер арқылы, оның ішінде Jusan Invest арқылы беруге болады. Инвестициялайтын сомаңызды көрсетесіз, тиісінше оған қанша акция келетіні есептеледі. Сосын өтінім не Қазақстан қор биржасына (KASE), не «Астана» халықаралық биржасына (AIX) жіберіледі», - дейді Максим Кабанов.
Блогер, жас инвестор Ержан Есімхановтың айтуынша, шетел қор биржаларынан акция сатып алудың тәуекелі тым үлкен. Ол жақта акция тағдырын болжау біршама қиынға соғады.
«Биржада өз эмитентіңнің болғаны шынымен жақсы. Өз басымнан өткерген соң білемін, АҚШ акцияларын сатып алсаң, үнемі күтумен жүресің. Нақты не боларын болжау өте қиын. Ресейлік акцияларды сатып алсаң онда тіпті болжап болмайтын факторларға тәуелді болып қаласың. Жағдайдың қалай өзгеріп кететінін білмейсің. Меніңше, ҚМГ акциясын сатып алған дұрыс. Негізінен онда екі тәуекел бар. Бірі – мұнай бағасы. Оның қымбаттауы немесе арзандауы акция бағасына әсер етеді. Екінші тәуекел – менеджмент. ҚМГ-ның басқару менеджментін өз басым жақсы деп айта алмас едім. Бұл IPO миноритарлық бөлек қауымдастық құруға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Jusan Invest сарапшыларының бағалауынша, IPO-ға шығарылатын бір акцияның құны негізі 11 429 теңге шамасында бағаланады. «ҚазМұнайГаз» бекіткен баға 8406 теңге екенін ескерсек, демек акциялардың алдағы уақытта өсу әлеуеті бар деген сөз. Мұны Максим Кабанов та растайды. Jusan Invest сарапшылары терең талдау жасаған. Олардың бағалауынша, мұнай бағасы 2023 жылға дейін тұрақты болады, одан кейін құлдырауы күтіледі. Сонымен қатар ҚМГ-ның үлкен көлемдегі қарызын ескеріп, соған да дисконт жасаған.
«Біздің консервативті бағалауымызға қарамастан, бір акцияның құны 11 мың теңге болып тұр. Әзірге мұнай бағасы жақсы динамика көрсетуде, соған қарай отыра біздің бағалауымыз бойынша, IPO-да сатып алған акцияны минималды 3-6 ай мерзім ұстауға болады. Одан кейін инвестор жағдайға қарап, әлде де өзінде сақтап қалу, не болмаса сатып жіберу туралы шешім қабылдайды», - деп түйіндеді сарапшы.