Қазақстанда өңдеуге өткізілетін тері мен жүнді субсидияланатын өнімдер тізіміне қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында хабарлады.

Ол қой шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға ынталандыру мақсатында инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына сәйкес, жүн қабылдау пункттеріне арналған жабдық сатып алуға, сондай-ақ тері мен жүнді өңдеу кәсіпорындарын құру мен кеңейтуге кеткен шығындардың 25%-на дейін өтемақы қарастырылғанын еске салды.

Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу қағидаларына сәйкес, жүн мен теріні терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін қой шаруашылықтарын құру және жиналатын пункттер желісін қалыптастыру жобаларын іске асыру көзделген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалану мақсатында субсидияланатын өнімдер тізімін кеңейту, оның ішінде өңдеуге өткізілетін тері мен жүнді енгізу жоспарланып отыр», – деді премьер-министр.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, жіңішке жүнді қой шаруашылығы саласында өнімділігі әртүрлі бағыттағы қойлардың генетикалық ресурстарын жетілдіру, сақтау және тиімді пайдалану бойынша заманауи селекциялық-технологиялық және молекулалық-генетикалық әдістерді әзірлеу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Оны іске асыруға шамамен 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бағдарламаның орындаушысы ретінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті белгіленді.

«Ғылыми-зерттеу жұмыстары жыл бойғы өндірістік циклді қамтамасыз ететін, тиімді күтіп-бағу, азықтандыру және малды көбейту технологияларын қамтитын интенсивті типтегі көпсалалы қой шаруашылығы кешенінің тұжырымдамасын әзірлеуді қамтиды», – деп нақтылады Бектенов.

Оның сөзінше, келесі үш жылдық бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру циклі шеңберінде жіңішке жүнді қой тұқымдарын сақтау, жетілдіру және дамытуға бағытталған жеке ғылыми бағдарламаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар қарастырылатын болады.

Жалпы, мал шаруашылығы саласында дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Ол: жылдық 5% мөлшерлемемен тауарлық шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын кеңейтуді, «Ігiлiк» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды мал сатып алуға ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін енгізуді, сондай-ақ «Даму» институты арқылы несиелерді 80%-ға дейінгі деңгейде кепілдендіру құралын енгізуді қарастырады.