Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа байланысты төлем алу мерзімі жақын уақытта 6 айдан 4 айға дейін қысқарады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, пандемия кезінде төлем мерзімі 6 айға дейін ұзартылған, ал қазір мұндай ұзақ уақыттың қажеті жоқ.

«Індет кезінде бұл мерзім 6 айға дейін ұзартылды. Қазір жұмыссыз қалған адам бізде небәрі 3 күн тіркеледі — бұл дұрыс емес, сондықтан өзгертіледі. Біз тіркелу мерзімін 10 күнге қайтарамыз және төлем алу уақытын 4 айға дейін қысқартамыз», — деді министр.

Сонымен қатар, негізсіз төлемдердің алдын алу үшін жүйеге өзгерістер енгізіледі.

Қазір Қазақстанда жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақының ең жоғары мөлшері де қайта қаралып жатыр.