Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтардың саны артты. Бір жыл ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 96 мың адамға өсті. Негізгі өсім жалдамалы қызметкерлер есебінен болды, бірақ еңбекке қабілетті халықтың шамамен ширегі әлі де жұмыс берушісіз, өз бетінше табыс табады.
2025 жылдың үшінші тоқсанында Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстан экономикасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны — шамамен 2,2 млн адам (жұмыспен қамтылғандардың 23,3%). Яғни, әр төртінші жұмыс істейтін қазақстандық ресми жалдаусыз немесе еңбек шартысыз табыс табады.
Экономикадағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 9,3 млн адамды құрады, оның 7,1 миллионы — жалдамалы қызметкерлер. 15 жастан асқан халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі 64,8% болып бағаланады.
2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 96,3 мың адамға өсті, бұл негізінен жалдамалы қызметкерлер санының артуымен байланысты.
Қазақстандықтар көбіне мына салаларда жұмыс істейді: саудада (17%), білім беру саласында (13,1%), өнеркәсіпте (12,3%), ауыл шаруашылығында (10,8%).
МОТ әдістемесі бойынша жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды — 4,6%. Ал жастар арасында (15–34 жас) бұл көрсеткіш одан да төмен — 3%.