2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ҚР-да жұмыртқа өндірісі 3,8 млрд дананы құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 5,3% артық, деп хабарлайды energyprom.kz.
Өңірлер бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр: өндіріс 40,7% көбейіп 559,9 млн данаға жетті. Одан кейін Ақмола (555,5 млн жұмыртқа, 7,4% азайған) және Қарағанды (472,9 млн жұмыртқа, 2% азайған) облыстары.
Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, жергілікті кәсіпорындар бір жыл бұрынғы 94,4%-бен салыстырғанда қабықтағы жаңа жұмыртқаға сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 96,3% қамтамасыз етті.
Импорт тиісінше ресурстардың 3,7%-ын құрады. Жыл басынан бері елімізге 130,8 млн дана жұмыртқа әкелінді, бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 30,9% аз.
Бұл ретте экспорт, керісінше, 2,2 есе өсіп, 184,5 млн болды.
Ішкі нарықтағы сатылым да 0,7% ғана өсіп, 3,3 млрд дананы құрады.
Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша, бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы бір айда 6,3%, бір жылда 14,8% қымбаттады.
Ұлытау облысында бір айда ең қатты қымбаттады: бірден 19,8%. Одан кейін Павлодар (14,7% қымбаттады) және Қызылорда (13,6% қымбаттады) облыстары. Бағаның ең аз өсімі Алматы облысында тіркелді: бар болғаны 0,4%. 20 облыстың ішінде баға ай сайынғы динамика бойынша тек Алматыда өзгерген жоқ.
Жылдық динамика бойынша жұмыртқа Қызылорда облысында 52,2%, Қостанай облысында 34,1%, Батыс Қазақстан облысында 32,5% қымбаттады. Бұл ретте баға Алматыда, керісінше, 4%, Жетісу облысында 0,4% төмендеді.