2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі шағын және орта бизнеске, аграрлық секторға арналған салықтық режимдерді қайта қарауды көздейді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мәліметінше, негізгі өзгерістер арнайы салық режимдерін оңтайландыруға бағытталған.

Ауыл шаруашылығындағы өзгерістер

Жаңа кодексте біріңғай жер салығы жойылады, алайда шаруа және фермер қожалықтары бұрынғы шарттармен жеке табыс салығын төлей береді. Сонымен қатар агросектордағы бірқатар жеңілдік те сақталады.

ШОБ үшін жеңілдетілген режим

Шағын және орта бизнеске арналған жеңілдетілген декларация режимі едәуір қолайлы болмақ:

  • табыс шегі 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады;
  • қызметкерлер санына шектеу болмайды;
  • бірыңғай салық мөлшерлемесі – 4% (мәслихаттар ±2% өзгерте алады);
  • қосылған құн салығынан (ҚҚС) және әлеуметтік салықтан босатылады;
  • есеп беру мерзімі – жылына екі рет қана.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа мүмкіндік

Жаңа кодексте өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға бөлек режим енгізіледі. Оның басты артықшылықтары:

  • жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ;
  • табыс салығы – 0%;
  • тек әлеуметтік төлемдер – табыстың 4%-ы;
  • барлық төлемді мобильді қосымша арқылы жүргізу мүмкіндігі;
  • онлайн-платформа арқылы табыс тапқандар үшін әлеуметтік төлемдерді оператор автоматты түрде ұстап қалады.