Ұлттық Банк сарапшылары жүргізген зерттеу қорытындысын негізге алсақ, жеңілдетілген автонесие беру Қазақстандағы көлік паркінің құрылымын өзгерте алмаған және ескі көліктің үлесін азайтуға ықпал етпеген. 

Қазақстанда 7 жыл бойы жұмыс істеген жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы елдегі көлік паркінің құрылымын өзгерте алмады және ескі көліктің үлесін азайтуға ықпал еткен жоқ. Экономикалық шолу жасаған Ұлттық Банк сарапшылары осындай қорытындыға келіп отыр.  

Бір топ сарапшы Қазақстанда кейінгі 7 жылда жүзеге асырылған жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының шарттары мен іске асырылуын талдады. Жалпы саны – төртеу, әрқайсысы отандық автоөнеркәсіпті ынталандыруға, халықты Қазақстанда өндірілген жаңа автомобильдермен қамтамасыз етуге және еліміздегі көлік паркін жаңартуға бағытталған.

Осылайша, зерттеу қорытындысы Қазақстандағы көлік паркінің құрылымын көліктердің шыққан жылына байланысты қарастырғанда елеулі өзгеріс байқалмағанын, ал жеңілдетілген автокредит беру ескі көлік үлесін азайтуға айтарлықтай әсер етпегенін анықтауға мүмкіндік берді.


Дереккөзі: ҚР СЖРА ҰСБ

Қазақстанда тіркелген жеңіл көліктің көбісі 7 жылдан астам уақыт бұрын шыққан, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың үлесі – 84% немесе 3,66 млн дана, бұл деректің 2015 жылдың басындағы, жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары іске қосылғанға дейінгі көрсеткіштен айырмашылығы аз 85% немесе 3,39 млн дана.

Жалпы, «бағдарлама қабылданған кезде алға қойылған мақсат-міндеттердің орындалды деп айтуға келмейді, сол себепті Қазақстанда жүзеге асырылған жеңілдетілген автокредиттеу бағдарламаларының тиімділігі жоғары болды деп айта алмаймыз», – дейді Ұлттық Банк сарапшылары. 

Олар отандық автоөнеркәсіптің дамуына 2015-2016 жылдардағы алғашқы жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы ғана елеулі үлес қосып, халықтың Қазақстанда шығарылған автомобильдерге деген сұранысы артуына әсер етті деген қорытындыға келді.

Одан кейінгі жылдары жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы арқылы сатып алынған көліктердің үлес айтарлықтай төмендегені байқалды, ал көлік өндірісі көлемінің өсуі мемлекеттің басқа да қолдау шараларымен – салықтық жеңілдіктер мен преференциялармен, өнім экспортын қолдау шараларымен, сондай-ақ өнім өндіруге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеумен ынталандырылды. 

Қорытындылайтын болсақ, сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің қолдауын сала мен кәсіпорындардың дамуын ынталандыратын, жаңа кәсіпорын құрылған кезде кезде алғашқы серпін алуға мүмкіндік беретін пәрменді құрал деп есептеуге болады, «алайда ол белгілі бір мақсатты топқа бағытталған, уақытша болуы керек және нарық тетіктерін алмастырмауға тиіс».