Экономикаға кредиттер 2022 жылғы тамызда 1,6%-ға өсіп, 20,7 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2022 жылдың басынан бері 11,8%-ды немесе 2,2 трлн теңгені құрады.

Ұлттық валютадағы кредиттер 2022 жылғы тамызда 1,9%-ға, 19,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%- ға, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы тамызда 0,5%-ға шамалы төмендеп, 7,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 2,3%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 1,8%-ға өсті). Заңды тұлғаларға кредиттердің төмендеуі жаңа несие беруден асып түскен ірі өтеулер нәтижесінде орын алды. Бұл ретте ағымдағы жылдың тамыз айында заңды тұлғаларға 973 млрд теңге сомасына қарыздар берілді, бұл 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 11,2% - ға артық.

Ірі бизнеске қарыздар 2022 жылдың басынан бері 4,0%-ға 3,4 трлн теңгеге дейін, ШОБ (ДК қоса алғанда) қарыздары 3,3%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,3%), саудаға (21,1%), құрылысқа (7,6%) және көлікке (5,8%) тиесілі.

Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы тамызда 2,9%-ға ұлғайып, 12,7 трлн теңгені құрады (ағымдағы жылдың басынан бері 18,7%-ға өсті).

Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,1%-ға 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге бизнес мақсаттарға арналған қарыздар, 2,3%-ға 7,0 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.

Ағымдағы жылдың тамыз айында несие портфелінің сапасы біршама жақсарды. Сонымен, 2022 жылғы 1 қыркүйекте банк секторы бойынша NPL қарыздарының деңгейі бір айда 0,2 п.т. немесе 41 млрд теңгеге азайып, 787 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 3,6%-ын құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда - 3,3% немесе 669 млрд теңге).

ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,6%-ды немесе 353 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде - 3,6%-ды немесе 434 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу жоғары болып сақталды және 72,3%-ды құрайды.