2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелу шарттары өзгерді.
Азамат тұрақты түрде жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланса, ол міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге тиіс. Бұл өзгеріссіз қалды. Ал екінші шарт өзгерді. Енді заңнамада: «Егер жеке кәсіпкерлік қызметтен алынған жылдық табыс 360 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, ЖК тіркелуі міндетті» деп жазылған. Бұған дейін бұл шек 12 айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде болатын.
Табыс көрсеткіші
Шекті көрсеткіштің ең төменгі жалақыдан айлық есептік көрсеткішке ауысуына келер болсақ, 2025 жылы 360 АЕК шамамен 1,4 млн теңгені құрайды. Ал бұрынғы 12 ең төменгі жалақы көрсеткіші – 1 млн теңге еді.
Демек, жылына 1,4 млн теңгеден аз табыс табатын азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес.
Заң қашан қабылданды?
Бұл түзету 2025 жылғы 15 шілдеде қабылданған №207-VIII заңында айтылған. Құжат «ТКШ, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттік қызметі мәселелері» бойынша өзгерістерді қамтиды. 15 қыркүйектен бастап күшіне енген заң Кәсіпкерлік кодексіндегі ЖК тіркеу шарттарына қатысты бапты өзгертті.