Қазақстанда жеке кәсіпкерлік (ЖК) секторы ел экономикасының маңызды бөлігі саналса да, салық тәртібінде айтарлықтай олқылықтар бар. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, тіркелген 2 млн-ға жуық жеке кәсіпкердің 44%-ы декларацияда ешқандай айналым көрсетпейді немесе мүлде тапсырып отырған жоқ. Бұл шамамен 1 млн кәсіпкердің салықтан тыс жұмыс істеп жатқанын білдіреді.
Салық жүктемесіндегі теңсіздік
Вице-министрдің айтуынша, барлық бизнес субъектілерінің ішінде жылына 1 млн теңгеден артық салық төлейтіндер – небәрі 20%. Қалған 80%-ы бюджетті толықтырмайды.
Бұл елдегі салық түсімінің басым бөлігі шағын топтағы адал кәсіпкерлерге ғана сүйеніп отырғанын айқындайды.
Түбіртек бермейтін кәсіпкерлер
Тағы бір өзекті проблема – түбіртектердің дұрыс берілмеуі. 400 мыңнан астам кәсіпкер мүлде түбіртек шығармайды. 260 мың кәсіпкер күніне тек бір түбіртек береді. Бұл салықтық әділдікті бұзып, бәсекелестікті теңсіз етеді.