2026 жылы жаңа Салық Кодексі күшіне енгеннен кейін такси жүргізушілеріне қатысты жаңа ереже пайда болады. Осыған дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы салық режимінде жүрген жүргізушілер келесі жылы наурыздан бастап өзін-өзі қамтығандар режиміне өтуі керек. Бірақ ол жүйе әлі дайын емес, процесс қалай өтетіні белгісіз. Алматыда өтіп жатқан «Такси Қазақстан 2025» форумында Яндекс Go компаниясы өкілі Наталья Москвитина осындай алаңдаушылық білдірді.
Спикердің айтуынша, бұрын жүргізушілер ЖК ретінде бір пайыздық бірыңғай төлем арқылы жұмыс істейтін. Енді осы бір пайыздық мөлшерлеме алынып тасталынады, бірақ әлеуметтік аударымдар үш пайыздан төрт пайыз көтерілді. Ал әрбір өзін-өзі қамтушы деп тіркелген азаматтар бухгалтериясын жеке жүргізіп, салық органдары алдында дербес есеп береді.
Бірақ осы тұста түсініксіз сәт бар дейді Яндекс Go платформалық жұмыспен қамтуды дамыту директоры Наталья Москвитина.
«Алдағы уақытта жүргізушілерді жаңа еңбек форматына көшіру кезеңі түсініксіз болып тұр. Бұл дегеніміз қазір жұмыс істеп жүрген 108 мың жеке кәсіпкер 2026 жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейін “белгісіздік” күйінде қалуы мүмкін. Салық органдарымен келісім бойынша, осы екі ай ішінде олар бір мәртебеден (жеке кәсіпкер) екінші мәртебеге (өзін-өзі жұмыспен қамтыған) өтуі тиіс. Алайда бұл процестің техникалық тұрғыда қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз», – дейді спикер.
Наталья Москвитина осы бір өтпелі кезеңді созбай барлық жеке кәсіпкерді бірінші қаңтардан бастап автоматты түрде өзін-өзі қамтушы мәртебесіне көшіруді ұсынды.
«1 наурызды күтпей-ақ, 1 қаңтардан бастап арнайы салық режиміндегі жеке кәсіпкерлерді автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебесіне көшіру қажет. Екі айлық өтпелі кезеңнің қажеті жоқ, өйткені сұрақ көп, бірақ нақты жауаптар жоқ. Ал жүргізушілерді түсініксіз жағдайда қалдыру олардың сервистен кетуіне әкеледі», – дейді Яндекс Go өкілі.
Сондай-ақ салық кодексіне бірнеше арнайы салық режимін қатар қолдануға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізуді ұсынды.Және құжат айналымын жеңілдетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан жабу актілері мен қолтаңба сияқты қосымша рәсімдерді алып тастау керек дегенді айтады.
Қазір Яндекс платформасынада 108 мың жүргізуші тіркелген ресми түрде. Олар үшін компания жыл басынан бері бюджетке 8,4 млрд теңге әлеуметтік төлем жасады.