2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда 1 795,6 мың жеке кәсіпкер (ЖК) тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы 1 814,2 мыңмен салыстырғанда 1,1% аз, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Оның ішінде 1 732,8 мыңы белсенді мәртебеге ие, бұл жалпы санның 96,5%-ын құрайды.

Салалар бойынша ең көп ЖК көтерме және бөлшек саудада – 667 мың (37,1%). Сондай-ақ «өзге қызметтер көрсету» саласында – 258,2 мың және ауыл шаруашылығында – 249 мың ЖК тіркелген. Ең аз көрсеткіш мемлекеттік басқару саласында – 151 ЖК.

ЖК-ның негізгі бөлігі республикалық маңызы бар қалаларға тиесілі – 35,5%. Ең көп кәсіпкер Алматы мен Астана қалаларында тіркелген: тиісінше 288,7 мың және 204,3 мың. Үздік үштікті Түркістан облысы (196,2 мың ЖК) түйіндейді. Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысы – 16,1 мың.

Барлық тіркелген ЖК-ның 39,1%-ын 35 жасқа дейінгі азаматтар иеленеді. Сондай-ақ әйелдердің үлесі – 50,4%.