2026 жылдың маусым айында Қазақстанда 4 447 заңды тұлға тіркеліп, соңғы 3,5 жылдан астам уақыттағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде жүргізілген есептеулер көрсетіп отыр.
Бір айдың ішінде жаңадан тіркелген кәсіпорындар саны 31%, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44% артқан. Бұл – 2022 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары деңгей.
Маусымда тіркелген жаңа заңды тұлғалардың ішінде:
2 476 кәсіпорын (55,7%) – жеке меншік;
1 955 кәсіпорын (44%) – шетелдік қатысуы бар;
16 кәсіпорын (0,4%) – мемлекеттік меншік.
Жаңа тіркелген кәсіпорындардың жартысынан көбі Алматы қаласында орналасқан. Маусым айында мегаполисте 2 375 заңды тұлға тіркелсе, оның 1 695-і шетелдік қатысуы бар компаниялар.
Ал Астанада осы кезеңде 777 кәсіпорын тіркелген. Бұл жалпы көлемнің шамамен 17%-ын құрайды.
Маусым айында тіркелген 4 447 кәсіпорынның 4 440-ы шағын бизнес субъектілері. Бұл Қазақстанда жаңа бизнес ашушылардың басым бөлігі шағын кәсіпкерлікке басымдық беріп отырғанын көрсетеді.