Қазақстанда активтерді басқару, инвестиция жасауға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Отандастарымыз инвестициялаудың қандай стратегияларын таңдайды және қандай салаларға ақша салуға асығады? Жасанды интеллект пен машиналық оқыту нарықтық трендтерді болжауға қалай көмектеседі деген және өзге де өзекті сұрақтарға Quantum Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Ахмет Бяшимов жауап берді.
Компания басшысы клиент үшін инвестициялау стратегиясын таңдау екі негізгі факторға, яғни капитал деңгейі мен инвестордың жасына байланысты екенін атап өтті:
«50 жастан асқан және біраз капиталға ие тәжірибелі инвесторлардың стратегиялары ұстамды, байыппен жүзеге асырылады, олар тұрақты кірісті таңдайды. Ал 30-35 жас аралығындағы инвесторлар капиталын бірден көбейтуге асығады. Олардың көбі нарықтық тәуекелдерге дайын, сондықтан батыл жолдарды таңдайды».
Ахмет Бяшимовтың айтуынша, стратегияларды тәуекелділікке және инвестициялаудың ұзақтығына қарай таңдау қажет: «Мысалы, өмірінің қарттық кезеңіне қаражат жинағысы келетін инвесторлар бір қарапайым негізгі ережені ұстана алады: портфельдегі акциялардың үлесі 100 санынан клиенттің жасын алғанда шыққан сан болуы керек. Портфельдің қалған бөлігін акцияларға қарағанда көп өзгере қоймайтын, мысалы: алтын, жылжымайтын мүлік қорлары, корпоративтік және қазынашылық облигацияларға салуға болады.
Сарапшы инвесторға бәрін басынан бастағаннан гөрі, дамып жатқан компаниялардағы үлесті сатып алу тиімдірек екенін тілге тиек етті: «Әр клиент үшін біз жеке стратегия әзірлейміз және оған жасанды интеллект саласындағы компаниялар жиі қатысады. Біз белгілі бір мөлшерде экологиялық жобаларды да қолдаймыз».
Инвестициялық компанияны таңдағанда қаржылық реттеуші лицензиясын алған ойыншыны таңдау маңызды деп есептейді басшы: «Егер сіз анық әрі ашық реттеушіні таңдасаңыз, қаражатты сенімгерлік басқарудағы тәуекелдердің көп бөлігін теңестіруге болады. Біз өзіміз «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларымыз. Реттеушіден мақұлдау алу оңай емес, өйткені олар сізге лицензия беруі үшін жеткілікті тәжірибе, мықты команда және анық бизнес-модель болу керек. Демек, егер сіз АХҚО-дан лицензия алсаңыз, оның өзі белгілі дәрежені көрсетеді».
Бүгінгі таңда жасанды интеллект және машиналық оқыту инвесторлар мен қаржылық талдаушыларға деректерді талдауға, нарықтық трендтерді болжауға арналған мықты құралдарды бере алады: «Бізде машиналық оқыту негізінде нөлден бастап алгоритмдер жасайтын өз командамыз бар, бұл өзін-өзі оқытатын алгоритмдер. Біз портфельді қалыптастыру кезінде клиенттік капиталдың белгілі бір бөлігіне машиналық оқытуды белсенді түрде қолданамыз».
Компания басшысы жасанды интеллект арқылы алынған мәліметтер шешім қабылдауда басты рөл атқармаса да, істі әжептәуір жеңілдететінін жеткізді: «Шартты түрде компания нарықта 80-ші жылдардан бері 40 жылдай сауда жасайды дейік. Егер сіз алгоритмге дұрыс деректерді енгізсеңіз, онда ол бүкіл кезеңнің ағымында жыл сайын компанияда не болғанын көре аласыз. Осы деректердің барлығын 40 жыл ішінде зерттей отырып, алгоритм алдағы тоқсандарда немесе жылдарда болуы мүмкін нәрселердің жорамалын бере алады».
Компания басшысы сонымен қатар 2024 жылы нарықта не күтілетіні жайлы ой бөлісті: «Біз Америка нарығы әлемдік аренада үстемдік ете береді деп ойлаймыз. Неге десек, АҚШ-тың барлық компанияларының нарықтық капитализациясы 46,2 трлн долларды құрайды, бұл екінші орында тұрған Еуропа нарығымен салыстырғанда 4 есеге көп».
Инвестициялаудағы трендтердің ішінде машиналық оқыту мен жасанды интеллекттің орны ерекше. Қазақстанда қазіргі уақытта инвестициялық салада болып жатқан барлық өзгерістердің бенефициары болу үшін адами әлеует пен ресурстар жеткілікті деп Ахмет Бяшимов өз ойын қорытындылады.