Салық Кодексінің жобасында азаматтар үшін өмірлік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігіне кері әсер ететін қауіпті нормалар бар, дейді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, біріншіден, тұрғын үй бағасының өседі.
«Тұрғын үй сату кезінде ҚҚС жеңілдігінің алынып тасталуы тұрғын үй бағасының өсуіне алып келу қаупі жоғары. Бұл азаматтарымыз үшін пәтер сатып алуды қиындатып, жалға алу құнының да өсуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Әйтеуір, қайталама нарықтағы тұрғын үйге әзірге тимегені кішкене жұбатады», — дейді депутат.
Екіншіден, депутаттың пікірінше, дәрі-дәрмектер мен олардың өндірісіне қажетті материалдарды ҚҚС төлеуден босатылған тауарлар тізімінен алып тастау олардың қымбаттауына әкеледі.
«Бұл әсіресе тұрақты медициналық қолдауды қажет ететін азаматтарға ауыр тиеді. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға бұл қиындық тудыруы мүмкін», — дейді.
Үшіншіден, медицина қызметіне ҚҚС енгізу медициналық қызметтер қымбаттауы ықтимал.
Төртіншіден, ҚҚС-тан босатылған кейбір қаржылық операцияларды алып тастау банктік аударымдар, зейнетақы қорларының қызметтері, төлем карталары бойынша операциялар сияқты қызметтердің құнын арттыруы мүмкін, бұл да азаматтарға кері әсерін тигізеді. Бұл жағдай кейбір азаматтарды қолма-қол ақшаға көшуге итермелеуі ықтимал.