Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент туралы айтты.
«Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады.
Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтуда.
Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ. Жалпы бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді.
Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім.
Қазір мен Ұлттық Құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді», – деді Тоқаев.
Президент жаңа Парламенттің атауы туралы айтты.
«Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам.
Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін.
Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын.
Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым.
Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Ал, депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды.
Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді.
Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру.
Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс.
Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!
Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді.
Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек», – деді ол.
Сонымен қатар президент Парламенттің құзыретіне тоқталды.
«Ұсыныстардың екінші блогы бірқатар негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау бөлігіндегі Парламенттің құзыреттеріне қатысты.
Өздеріңізге мәлім, қолданыстағы Конституцияға сәйкес, Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын жасақтау өкілеттіктері Мәжіліс, Сенат және Президент арасында тең бөлінген.
Енді болса, осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшелерін тағайындау тек Парламенттің келісімімен ғана жүзеге асырылуы ұсынылып отыр.
Сондай-ақ еліміздің жоғары өкілді органының депутаттарына Президенттің ұсынуымен Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылады.
Бұл — қазақстандық парламентаризмді дамытудағы, билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтудағы үлкен қадам», – деді президент.
Оның сөзінше, ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды.
«Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін.
Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.
Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін.
Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады», – деді Тоқаев.
Ол осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болғанын, бірақ, бұл – мүлде басқа мәселе екенін жеткізді.
«Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.
Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды.
Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді.
Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті.
Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын», – деді президент.
«Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды.
Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.
Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды.
Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз.
Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы.
Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.
Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі.
Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін», – деді Тоқаев.