KazFoodProducts холдингі БИ-95 автокөлік отынын өнеркәсіптік деңгейде өндіру мен жеткізуді бастады. Бұл Қазақстанда астықты терең өңдеуді мотор отынын шығарумен байланыстыратын алғашқы жоба, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Отын құрамына Солтүстік Қазақстан облысындағы BioOperations кәсіпорнында өндірілетін биоэтанол кіреді. Бұл – Қазақстандағы бидайды терең өңдейтін жалғыз кешен. Ал отынды өндіру және оны нарыққа шығару жұмыстарын BioPetrolCompany жүзеге асырады. Астықтан дайын отынға дейінгі бүкіл процесс бір топ компания ішінде өтеді.
«БИ-95 – құрамында 5–10% биоэтанол бар бензин. Мұндай қоспа октан саны сияқты негізгі сипаттамаларды сақтайды, бірақ экологиялық тұрғыдан тиімдірек болады. Биоэтанол астықты өңдеу өнімдерінен өндіріледі және көміртегі тұрғысынан бейтарап компонентке жатады», – деп түсіндірді KazFoodProducts.
БИ-95-ке көшу үшін автокөліктерді өзгерту қажет емес. Сынақтар биоэтанол қосу қозғалтқыш жұмысына әсер етпейтінін көрсетті. Қуат пен айналу моменті дәстүрлі бензин деңгейінде қалады. Кейбір тесттерде 367,3 ат күші мен 514,8 Нм көрсеткіштері тіркелген, әрі көміртек тотығының (CO) шығарындылары нөлге тең болған.
Жоба жетекшісі Лаура Бергибаеваның айтуынша, бұл бастама компания үшін жаңа жұмыс логикасына көшу болды – яғни тек өнім шығару емес, тұтас бағыт қалыптастыру. Мұнда аграрлық сектор, өнеркәсіп және энергетика өзара байланысады. Бұл ұзақ мерзімді жоба, әрі болашақта ауқымын кеңейту мүмкіндігі бар.
Экологиялық әсері де маңызды:
- ұсақ бөлшектердің шығарындылары 70%-дан астамға азаяды
- азот оксидтері 25%-ға қысқарады (АИ-92-мен салыстырғанда)
- парниктік газдар 60–70%-ға төмендейді
Компания мәліметінше, мұндай шешімдер әлемде бұрыннан қолданылады және Еуропалық одақ, АҚШ және Жапония елдерінде 20 жылдан астам уақыттан бері стандартқа айналған. 2022 жылдан бері BioOperations өнімі ЕО мен Ұлыбританияға экспортталады.
Қазақстанда БИ-95 отыны Ros Petrol жанармай бекеттері арқылы сатылымға шықты. Бұл тек жаңа өнім емес, ауыл шаруашылығы шикізатын отын нарығымен байланыстыратын жаңа модель болып саналады.