Қазақстандық ITS биржасы жыл соңына дейін сауда қатысушыларына Үндістанның бағалы қағаздарымен сауда жасауға мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ITS директорлар кеңесінің мүшесі Роман Горюнов сәрсенбі күні өткен «ITS Ideas2025: жаһандық нарықтағы инвестициялық мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» конференциясында айтты.

ITS Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында жұмыс істейді және АҚШ биржаларында листингтен өткен шетелдік бағалы қағаздармен сауда жасауға маманданған.

ITS Ideas 2025 конференциясында сөйлеген сөзінде Горюнов биыл сауда алаңы инвестициялық құралдар қатарын кеңейтіп, үнді бағалы қағаздарына байланған single-stock ETF (жеке акциялардың динамикасын қадағалайтын қорлар) қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Үнді нарығы өте жабық. Халықаралық қатысушыларды қосуға болатын тәсілдер санаулы ғана… Біздің аймақта бұл үнді нарығына қолжетімділікті ұсынатын алғашқы жағдай болады», – деді ол.

Конференцияда сондай-ақ Alpha Alternatives басқарушы инвестициялық компаниясының басшысы, Үндістан нарығы бойынша инвестициялар жөніндегі маман Прашант Котари сөз сөйледі.

Горюновтың айтуынша, ITS жақын күндері АҚШ-та листингтен өткен акцияларға single-stock ETF саудасын да бастамақ.

ITS 2023 жылы жұмысын бастап, қазақстандық ірі кәсіби қатысушыларға – АХҚО-да аккредиттелген немесе тікелей тіркелген ұйымдарға Apple, Coca Cola, Tesla сияқты халықаралық бағалы қағаздарға қолжетімділік берген болатын. Жеке және заңды тұлға-инвесторлар ITS-ке қосылған брокерлер мен банктер арқылы сауда жасай алады.