Қазір экожүйені дамыту – банктердің бизнес-процесіндегі ең маңызды факторға айналды. Әсіресе, пандемия банктердегі цифрлы трансформацияны жеделдетті және бұдан Jusan Bank те тысқары қалмайды. Банк өзінің Jusan Singularity білім беру жобасы аясында тағы 43 IT маманды жұмысқа қабылдайтындарын жария етті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін шілде айында банк Алматыдағы IT мектебінің 100 студентіне сертификат табыстап, жұмысқа қабылдаған еді.
Jusan Singularity жобасына қатысуға сұраныс жоғары болды. Үміткерлер төрт ай бойы қатаң тапсырмаларды шешумен және түрлі мобилді жобалар жасаумен айналысқан. Оқу барысында танымал JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері, DevOps инженерлері мамандықтарының қыр-сыры үйретілді.
«Біз осыдан төрт ай бұрын дәл осы жерде кездескен едік. Енді міне ең мықты мамандардан құралған Jusan Singularity командасын көріп тұрмыз. Бұл – үлкен абырой. Jusan тобы қазір экожүйені белсенді дамытып жатыр және осы ретте IT қызметтерді дамытып, жолға қоюдың мәні өте зор. Біз тек қана банк емеспіз, біраз уақыттан бері IT өнімдерді де белсенді ұсына бастадық. Сондықтан бізге компания құндылығын түсінетін және оны бізбен бірлесіп дамыта алатын сауатты кадрлар қажет. Біз сіздермен ертеңнен бастап әріптес ретінде жұмыс бастаймыз және компанияны бірге алға жылжытамыз деп ойлаймын», деді Jusan Bank басқарма төрағасының орынбасары Ғабит Нұркенов.
Бағдарлама жетекшісі Архат Ізбасовтың айтуынша, Jusan технологиялық процестерді әрі қарай жетілдіре түсуге ниетті, бұл орайда оларға білікті ақпараттық технология мамандарды көптік етпейді.
«Қазір әртүрлі бағыттағы IT мамандарға деген сұраныс өте жоғары, ал ондай мамандар саны тым аз. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай IT маманға деген Jusan-ның қажеттілігі 1000 адамды құрамақ. Ал отандық білім және еңбек нарығы осыншама маманды даярлап бере алмайды. Осы мақсатта өз бетімізше маман даярлау үшін Jusan Singularity жобасы 2021 жылдың желтоқсанында іске қосып, биыл наурыз айында жұмысты бастап кеттік. Біз мектепке студенттердің софт скилдерiмен қатар хард скилдерiн дамытуға көңіл бөлеміз. «Онсыз да IT мамандығында оқып жатқан студенттерді неге бірден жұмысқа алмасқа?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда түлектер бізге жұмысқа келген кезде олардың банк процестеріне үйренісіп кетуі қиынға соғады. Банктің қызмет көрсету саласына байланысты меңгеруге тиіс дағдылар, банктің өзіндік құндылықтары бар. Көбі сол тұрғыдан қиналады. Ал жобамыз аясында оларды дәл осы банк тақырыбы жөнінде үйретеміз, процесс барысында студенттер бір-бірінен үйренеді және 9 бірдей білікті менторымыздың оларға берер көмегі аз емес», дейді жоба жетекшісі.
Жобадан сәтті өтіп, Jusan тобында қызмет жолын бастағалы отырған Рамазан Уалдинұлы биыл мамыр айында Назарбаев университетін робототехника инженері мамандығы бойынша тәмамдаған.
«Бірақ бұл мамандық бойынша елімізде жұмыс табу қиын, сондықтан банктің оқу бағдарламасына ойланбастан қатыстым. IT мамандығы Қазақстанда өте жақсы дамып жатыр, сол үшін мамандығымды өзгерткім келді. Есептер шығардық, сұхбаттарға қатысып, емтихан тапсырдық. Төрт ай ішінде барлығымыз достасып кеттік. Менторларымыздан да үйренеріміз көп болды», дейді ол.
Тағы бір қатысушы – Еуразия ұлттық университетінің түлегі Наурызбай Манап.
«Jusan Singularity жайлы мұғалімдерімнен естідім. Білімімді жетілдіру, тәжірибемді арттыру өтініш қатысқым келді. Жоба кезінде Frontend бағыты бойынша төрт ай оқыдым. Қай бағытта, қалай даму керектігіне қатысты лекторларымыздан көп мотивация алдық. Жобаға дейін Astana Creative веб-студиясында жұмыс істеп жүрдім. Ол жерде түрлі бизнес үшін сайт, веб-сайттар әзірлеумен айналыстық. Ал банк жобасы аясында біліміміз әлдеқайда тереңдеді. Енді банк құрылымында жұмыс істеу арқылы мүлде басқа деңгейге көтерілеміз, онымен де тоқтап қалмай ұдайы өзімізді дамытамыз деп сенемін», дейді Наурызбай Дәулетұлы.
3000 талапкердің ішінен іріктеуден іркілмей өткен 43 жас дарын енді Jusan Bank-тің Алматыдағы бас кеңсесіне барып, жұмысқа кіріседі.
Сонымен қатар банк Jusan Singularity командасы Назарбаев Зияткерлік Мектептері корпоративтік «Даму Қорымен» бірлесіп, барлық өңірлердегі 1500-ден астам НЗМ оқушылары мен түлектерінің қатысуымен 21 НЗМ мектебінде интерактивті ойын өткізді. Ойынға қатысушылар Jusan Singularity үш апталық онлайн Интенсивіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қаржы институты келешекте елімізде білімді дамытуға белсене атсалысып, Jusan Singularity тәжірибесінің ауқымын арттыруға ниетті.