2021 жылдың алғашқы 9 айы қорытындысы бойынша, Қазақстанда 798,3 млрд теңгеге құрылыс материалдарын шығарды. Көрсеткіш былтырғыдан 207 млрд теңгеге немесе 35% көп, деп хабарлайды kursiv.kz Статистика бюросына сілтеме жасап. 

Атап айтқанда кірпіш өндірісі 44%, құрылыс металл құрылымдары 21%, бетон 5% ұлғайды.

Ішкі өндіріспен қатар импорт көлемі де артты. QazIndustry мәліметінше, қаңтар-тамыз аралығында 873 млн доллардың құрылыс материалдары импортталған. Көрсеткіш былтырғыдан 24% көп. Импорт негізінен Ресей, Қытай, Түркиядан тасылады. 

"Жалпы Қазақстандағы құрылыс материалдары нарығы $2,2 млрд болды. Соның ішінде 61%-ы отандық өнім. Қалғаны импорт", дейді QazIndustry.

Қараша айының басында басылым биыл кей құрылыс материалдарының 105% қымбаттағанын хабарлаған еді. Соның ішінде ең көп импортталатын ағаш, металл және әйнектің қымбаттағаны айтылған.