Орта бизнестің несиеге сұранысы артып, шағын бизнестікі азайды

2026 жылдың II тоқсанында орта бизнес тарапынан несиеге сұранысы өсті. Ал шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерінің несие алу белсенділігі өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Ұлттық банктің кредит нарығына жүргізген сауалнамасында айтылды.

Ірі бизнес сегментінде банктер кредитке сұраныстың артқанын атап өтті. Бұған маусымдық белсенділіктің күшеюі және клиент тарту жұмыстарының жандануы әсер еткен.

Банктер «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі тобының жобаларын қайта қаржыландыруды және Аграрлық несие корпорациясы арқылы агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыруды жалғастырған. Кейбір банктер нақты сектор кәсіпорындарының сұранысын ескеріп, валюталық қорландыру көлемін де ұлғайтқан.

Соған қарамастан, ірі бизнес субъектілерінен түскен несиеге өтінім саны тоқсан ішінде 1% азайып, 235 өтінім болды. Ал бір өтінімнің орташа сомасы 39% төмендеп, 11,5 млрд теңге болды.

Орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс та артқан. Бұған өңірлердегі банктік қызметтің жандануы және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландыру мүмкіндіктерінің кеңеюі ықпал етті. «Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы мен ауыл шаруашылығын қолдау тетіктері белсенді қолданылып отыр.

Орта бизнестен түскен несиеге өтінім саны 4% өсіп, 5,3 мыңға жетті. Орташа өтінім сомасы 3% артып, 927 млн теңге болды.

Ал шағын бизнес сегментінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Несие өтінімдерінің саны 1% азайып, 904 мыңға, ал олардың орташа сомасы 8% төмендеп, 22,8 млн теңгеге түсті.

Несиені мақұлдау деңгейі де өзгерді

II тоқсанда ірі бизнес бойынша мақұлданған несие өтінімдерінің үлесі 10 пайыздық тармаққа өсіп, 65%-ға жетті.

Орта бизнесте мақұлдау деңгейі 2 пайыздық тармаққа артып, 39% болды.

Шағын бизнес бойынша керісінше, мақұлданған өтінімдердің үлесі 1 пайыздық тармаққа төмендеп, 33% болды.

Банктер шағын және микробизнеске арналған несие өнімдерін дамыту үшін сату арналарын кеңейтіп, несиелеу мерзімі мен лимиттерін ұлғайтып жатыр. Сонымен қатар қарыз алушыларды бағалау тәсілдері жетілдіріліп, өтінімдерді қарау мерзімі қысқаруда.

III тоқсанда не болады?

Банктердің болжамынша, 2026 жылдың III тоқсанында ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс одан әрі артады.

Бұған нарықтағы әлеуетті жобалардың болуы және банктердің ірі бизнес сегментіндегі жұмысын күшейтуі негізгі фактор болады.