Жоғары аудиторлық палата құрылыс саласында баға белгілеуге аудит жүргізуді аяқтады.

Ресми статистика деректері бойынша, өткен жылы Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 21% ұлғайып, 7,6 трлн теңгеге жеткен. 

Жалпы 2017-2023 жылдары құрылыс саласы орта есеппен ЖІӨ құрылымының 6,5% алады.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, құрылыстағы баға белгілеуге әсер ететін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде бірқатар олқылықтар мен кемшіліктер бар.

Мәселен, базалық кәсіпорындар, яғни өнім берушілерді іріктеуде нақты өлшемшарттар мен ашықтық жоқ, олардың негізінде бағаларға бақылау жүргізіледі және құрылыста сметалық-нормативтік база қамтамасыз етіледі. Бұл құрылыс материалдары, бұйымдар, конструкциялар мен жабдықтардың бағасын бақылауға да қатысты. Бұл ретте компаниялар белгіленген есептілікті ұсынбағаны үшін жауап бермейді.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада кемшіліктер анықталып отыр. Атап айтқанда, Мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында мердігердің сметасына (офертасына) сәйкес құрылыс жобаларын іске асыру туралы ережелер ескерілмеген.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама технология мен конструктивтік бөлікті сақтай отырып, құрылыс жобаларын түзету мен қымбаттаған жағдайда техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін көрсету туралы шарттардың сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл қадағалау қызметтерінің бірдей көлеміне қарамастан бюджетке қосымша жүктеме әкеледі. 

Бірдей объектілерді салу кезінде артық құн фактілерін болдырмау үшін құрылған құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінде 6 706 жоба бар. Ал соның ішінде 5 665 (84,5%) жобаны пайдалануға авторлық (мүліктік) құқығы жоқ.

Жалпы осы мемлекеттік банктің жобаларын қолдану бойынша нақты құралдар мен нормативтік талаптардың болмауына байланысты олар өте сирек пайдаланылады. 2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін барлығы 55 жоба берілді, бұл авторлық құқығы бар жобалар санының 5% құрайды (1 041 бірлік).

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова бүгінгі күні алғаш шарт жасасу кезінде мүліктік құқықты беру туралы тармақтарды белгілеудің заң бойынша мәселе туындатпайтынын атап өтті. Бұл – мемлекеттік органдар тарапынан тәртіп мәселесі. Осыған байланысты бұл тармақ сақталуы үшін бюджеттік жобалар бойынша шарттың үлгілік формасын әзірлеу қажеттігін айтты.

Мемлекеттік аудит саладағы нақты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезіндегі жүйелік проблемаларды көрсететін бұзушылықтар мен кемшіліктерді де анықтады. Мәселен, ШҚО-ның Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу жобасы 31,2 млрд теңгеге немесе 104% қымбаттаған. Өскемендегі Гематология орталығының құны 32-ден 72 млрд теңгеге дейін, яғни 125% өскен.

Мемлекеттік аудит барысында барлығы:

  • 1,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды;
  • бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану – 14,2 млрд теңгеден астам;
  • экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда – 530 млн теңге. 
  • Сондай-ақ 26 жүйелік кемшілік пен 88 рәсімдік бұзушылық анықталды. 
  • Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 21 факті бойынша материалдар уәкілетті органдарға берілді.