Ірі финтех-компания Teez маркетплейсін сатып алып жатыр. Бұл туралы компанияның ресми Telegram-арнасында хабарланды.

«Серіктестер, Teez маркетплейсін Қазақстанның ірі финтех-ойыншысы сатып алып жатыр. Құпиялылық туралы келісімге (NDA) байланысты әзірге оның атауын атай алмаймыз, бірақ шектеу алынған бойда бірден хабарлаймыз. Жағдайдың қиын екенін, шыдамдарыңыздың таусылып бара жатқанын көріп отырмыз және мұны түсінеміз», — деп мәлімдеді компания.

Компаниядағылар төлемдердің кешігуін мәмілеге дайындыққа байланысты өтпелі кезеңмен түсіндірді. Осы кезеңде уақытша операциялық қиындықтар туындауы мүмкін екенін нақтылады.

Маркетплейс келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, барлық міндеттеменің орындалатынын растады. Компанияның бағалауынша, бұл кезең алдағы бір жарым-екі апта ішінде аяқталуға тиіс.

«Маркетплейс банкротқа ұшыраған жоқ, жабылмайды да. Керісінше — жаңа инвестормен бірге бізге үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. Сіздердің тауарларыңыз толық қауіпсіздікте, ал табыстарыңыз жақын арада өсе бастайды», — делінген хабарламада.

Teez жобасын Линар Хуснуллин, Долорес Пшембаева, венчурлық инвестор Ерлан Исекешев және инвестициялық менеджер Никита Еремин іске қосқан болатын.