Ірі егіншілер мал ұстауға міндеттеледі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңір басшыларымен кездесуде әкімдіктерге ірі егіншілік фермерлерін мал шаруашылығына белсендірек тартуды тапсырды.

Қазір елде «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдікпен несие беру бағдарламалары құрылды және фермерлердің операциялық шығындарына несие беру жеңілдетілді.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстан өңірлеріне 34 500 мал сатып алу үшін 43 млрд теңге бөлінді. Дегенмен, кейбір аймақтарда жобаларды қарау және іске асыру қарқыны баяу болып қалуда.

Осыған байланысты Айдарбек Сапаров жұмысты жеделдетуді, әрбір жобаға жеке қолдауды қамтамасыз етуді және жобаның іске асыруға дайындығы расталмайынша мемлекеттік қаражаттың бөлінуіне жол бермеуді тапсырды.

«Ірі дақыл өсіру шаруашылықтарында мал шаруашылығын дамытуға және толық өндіріс циклін құруға барлық мүмкіндіктер бар. Бұл мемлекет басшысы мен премьер-министрдің тапсырмасы, сондықтан әкімдіктер мұндай кәсіпорындармен жұмысты мүмкіндігінше тезірек күшейтуі керек», - деп қорытындылады ауыл шаруашылығы министрі.