Келесі жылдың шілде айынан бастап реттеушілер ипотека бойынша шекті мөлшерлемені анықтау үшін LTV (Loan-to-Value) әдісін қолдануды жоспарлап отыр. Яғни, мөлшерлеме көлемі тікелей бастапқы жарна көлеміне байланысты болады.

Үкіметтегі брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотека бойынша шекті мөлшерлеме LTV әдісі қолданылған кезде қалай анықталатынын және бұл әдістің мәні неде екенін түсіндірді. Оның сөзінше, билік 1 шілдеге дейін ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуді жоспарлап отыр. Мөлшерлеме енді 20% немесе 25% сияқты бір ғана шекті мәнмен шектелмейді — ол бастапқы жарна мөлшеріне және несиелеу мерзіміне қарай өзгереді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова нақтылап түсіндіргендей, LTV – бұл несие сомасының пәтер құнына қатынасы.

«Яғни, егер LTV 70% болса, бұл пәтер бағасының 70%-ы – несие, ал 30%-ы – сіз төлейтін бастапқы жарна деген сөз. Бастапқы жарна неғұрлым көп болса, сәйкесінше пәтерді сатып алу үшін алатын ипотекалық несие азаяды. Осыған байланысты мөлшерлеме де төмен болуы мүмкін. Жаңа әдістеме анықталғанда қолданылатын негізгі тәсіл – осы. Енді бірыңғай 20% мөлшерлеме деген болмайды», – деді Әбілқасымова.

Агенттік басшысы жүйе азаматтарды бастапқы жарнаны көбірек жинауға ынталандыратынын, оның ішінде банктердегі тұрғын үй жинақтары механизмі арқылы жүзеге асатынын айтты.

«Қазірдің өзінде кейбір банктер бастапқы жарнаны жинауға арналған депозиттер іске қосқысы келеді. Бастапқы жарна неғұрлым көп болса, сәйкесінше аз несие аласыз, қарыз жүктемесі де азаяды. Бұл мұндай ипотекалық несиелерді алатын азаматтардың өздері үшін де қауіпсіз», – деді ол.