Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шегін төмендету туралы норманың қолданысын уақытша тоқтатты. 2025 жылғы 1 қарашадан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ең жоғары мөлшерлеме бұрын көзделгендей 20% емес, 25%-ды құрайды. Тиісті бірлескен қаулы Әділет министрлігінде 2025 жылғы 26 желтоқсанда тіркелді.
Реттеушілер бұл шешімді Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары болуымен (18%) және нарықтағы ипотекалық бағдарламалардың тоқтап қалу қаупімен түсіндіреді. Олар бұған себеп ретінде несие ұсынысының азаюы мүмкін екенін және әлеуметтік тәуекелдерді алға тартты.
Агенттіктің бағалауынша, мөлшерлеменің бұрынғы жоғарғы шегін сақтап қалу банктерге мақұлданып қойған өтінімдерді аяқтауға және ипотека ұсынысының күрт азаюына жол бермеуге мүмкіндік береді. Осылайша, несиелердің қолжетімділігі мен банк секторының тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдік сақталады.