2026 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша банктер ипотека мен автонесие сегментінде сұраныс төмендегенін атап өтті. Ал кепілмен қамтамасыз етілген және кепілсіз тұтынушылық қарыздарға сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде қалды.

Есепті тоқсанда кейбір банктер сыйақы мөлшерлемелерін көтеріп, оның үстіне тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі қысқарғандықтан, ипотекалық қарыздарға сұраныс азайды. Осылайша, ипотека бойынша өтінім саны бір тоқсанда 21% азайып, 191 мың болды. Ал сұралатын қарыздың орташа мөлшері – 20,5 млн теңге.

Несие беру талаптары біршама күшейтілсе де, бұл жағдай кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге деген сұраныс динамикасын әлсіреткен жоқ. Өтінім саны бір тоқсанда 1% өсіп, 103 мың болды. Ал қарыздың орташа мөлшері 12%, яғни 13,6 млн теңгеге дейін өсті. 

Кепілсіз берілетін тұтынушылық несие сегментіндегі сұраныс та өзгеріссіз қалып отыр: жалпы өтінім саны бір тоқсанда 2% азайып, 16,1 млн болды. Ал олардың орташа мөлшері 3% өсіп, 963 мың теңгеге жетті.

Автонесие сегментіндегі белсенділіктің бәсеңдеуіне жаңа көлік бағасының арзандауы мен соның әсерінен автодилерлер ұсынатын субсидияланатын несие өнімдеріне сұраныстың азаюы себеп болған. Осылайша, өтінім саны бір тоқсанда 20% қысқарып, 1,2 млн болды. Ал сұралатын соманың орташа мөлшері 12% өсіп, 7,2 млн теңгеге жетті.

Ипотекаға берілген өнімдерді мақұлдау деңгейі 1 п.т. өсіп, 23% болды. Сонымен қатар, мақұлдау үлесі кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар бойынша 5 п.т. төмендеп – 17%-ға, автонесие бойынша 1 п.т. төмендеп – 15%-ға, ал кепілсіз қарыздар бойынша 1 п.т. азайып – 32%-ға жетті.

2026 жылғы ІІ тоқсанда банктер ипотекаға сұраныс артады деп күтеді. Бөлшек несиелеудің басқа сегменттері бойынша сұраныс 2026 жылғы І тоқсан деңгейінде сақталады деген болжам бар.