Қор нарығындағы, тіпті қоғамдағы биылғы маңызды жаңалықтың бірі – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-ға шығуы болды. Халық арасында да бұл бастамаға қызығушылық танытып, акция алуға бекініп отырған әлеуетті инвесторлар бар. Олар үшін IPO жайлы ақпаратты молынан білу, сіңіру өте маңызды. Осы ретте IPO-ға шыққалы жатқан ұлттық компания туралы, акцияларды сатып алу процестері жайлы кеңінен таныстырып өтсек дейміз.
Компанияның қаржылық әлеуеті қандай?
«ҚазМұнайГаз» – Қазақстандағы мұнай өндіретін және оны өңдеумен, сатумен белсенді айналысатын ірі ұлттық компания. Сондай-ақ ҚМГ Қазақстандағы құбыр желілерінің ішіндегі өткізу қабілеті мен ұзындығы жағынан ең ірі компания. Компанияның Қазақстандағы төрт, Румыниядағы екі мұнай өңдеу зауытының операторы екенін, аталған кәсіпорындарда кешенді модернизация жүргізгенін де айта кетейік.
Компания көмірсутегін барлау, өндіруден бастап тасымалдау, өңдеу, қызмет ұсынуға дейінгі аралықта ауқымды жұмыс тізбегін жолға қойған. Өндірістік-өткізу тізбегінің толыққанды интеграциялануы компанияның ұзақ мерзімді стратегиядағы даму тұрақтылығының негізі берік екенін көрсетеді.
Компанияның негізгі бағыттары мыналар:
- Мұнай мен газды барлау және өндіру;
- Мұнайды тасымалдау;
- Мұнай және газ өнеркәсібіне байланысты мемлекеттік саясатты әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысу;
- Шикі мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу және олардың саудасы (дизель, бензин, битум және өзге де өнімдер).
Компания 3 918 771 мың баррель көлемінде мұнай мен газ конденсатының расталған және ықтимал алынатын қорларына ие. Сонымен бірге, компанияда 145 737 миллион текше метр көлемінде расталған және ықтимал өнеркәсіптік газ қоры бар. ҚМГ жоғары сапалы отынды жергілікті нарыққа жеткізумен белсенді айналысады. Бұл ретте Румыния, Болгария, Грузия және Молдова елдерінде 680 стансадан тұратын жанармай құю желісі бар.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері де оң өсу қарқынына ие.
- 2021 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, компанияның жалпы табысы бір жыл ішінде 61,1% өсіп, 5 838,8 млрд долларға ұлғайған;
- 2022 жылдың бірінші жартысында жалпы табысы 4 203,2 млрд теңгені құраған. Өткен жылы осы уақытта көрсеткіш 2 672 млрд теңге болған;
- 2021 жылдың 31 желтоқсанындағы мәлімет бойынша, таза табыс 596,5% өсіп, 1 197,3 млрд теңгеге жетті;
- Биылғы жарты жылдағы таза табыс – 676,9 млн теңге.
Компанияның қазіргі несие рейтингі «S&P» тарапынан – «ВВ+» («жағымсыз» болжам), «Moody's» тарапынан – «Ваа2» («тұрақты» болжамы) және «Fitch» тарапынан «ВВВ-» («тұрақты» болжамы) деңгейімен бағаланған.
Акциялар қай жерде сатылады?
Компанияның қаржылық ахуалымен жеткілікті деңгейде таныстыра алдық деп сенеміз. Ендігі кезекте айтылуы керек мәселе – акцияның орналастырылу жайы. IPO Қазақстандағы қос қор нарығы биржасында – Қазақстан қор биржасы (KASE) мен «Астана» халықаралық биржасында (AIX) өтеді. KASE-дегі акция тикері – KMGZ, ал AIX-та – KMG. IPO аясында инвесторларға 30,5 млн бірліктен аспайтын қарапайым акциялар ұсынады. Әр акцияның құны – 8406 теңге. Нәтижесінде, IPO көлемі 256 млрд теңгені немесе ҚМГ-дағы бүкіл акцияның 5 пайыздай үлесін құрамақ. Нарықтық капиталдандыру көлемі – 5,1 трлн теңге. IPO-ға шығарылған акцияларды сатып алуға өтінімдер қабылдау 2022 жылдың 9 қарашасында басталды. Азаматтардың 2 желтоқсанға дейін акция алып қалу мүмкіндігі бар. Айтып өтейік, бұл акциялардың басты сатушысы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.
Акцияға әркімнің де бар таласы. Дегенмен Қазақстан азаматының өтінімі бірінші кезекте мақұлданатынын ескерген жөн. Өзге инвесторлардың, оның ішінде Қазақстан резиденттерінің институционалды инвесторларының және инвестор-бейрезиденттердің өтінімдері екінші кезекте қарастырылады.
Акция бізге не үшін керек? Неліктен оны сатып алған дұрыс?
Біріншіден – ұлттық компания. «ҚазМұнайГаз» – барлаумен, өндірумен, тасымалдаумен және өңдеумен айналысатын тік интеграцияланған мұнай-газ компаниясы. Топ ұлттық компания мәртебесіне ие, бұл оған мұнай мен газды жер қойнауын пайдалану тұрғысынан басымдық береді. Сонымен қатар, Қазақстандағы мұнай-газ секторы ең маңызды сала болып табылады.
Екіншіден – мұнай активтері. ҚМГ мұнай-газ активінің үлкен қорына ие. Отандық мұнай өндірісіндегі компанияның үлесі – 24,6 пайыз. Сондай-ақ компания жаһандық мұнай өндірісінің 1,2 пайызын қамтамасыз етіп отырған үш бірдей мега-жобаға тікелей қатысады. Осы жобалар ҚМГ табысының 65 пайыздан астамын қалыптастырып отыр. Мысалы, Қашағанның қызмет ету мерзімі қазіргі өндіріс деңгейінде 120 жыл. Сонымен қатар теңгемен есептегенде мұнай бағасы бір жылда 76% өсті, бұл компанияның табысты болатынына айтарлықтай сенім береді.
Үшіншіден - өсу перспективасы. Компания мұнай өңдеу ісі бойынша жаңа өндірістерді іске қосып жатыр. Атап айтар болсақ, осы жылы қуаттылығы 500 мың тонна болатын полипропилен шығаратын зауытты іске қосу жоспарда бар. 2026 және 2027 жылдары бутадиен және полиэтилен шығаратын зауыттар пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, жақында «Теңіз» кен орнының өндіріс ауқымы кеңейеді және алдағы екі жылда мұнай өндірісін шамамен 45 пайызға арттырады деген де жағымды жаңалық бар. Бұл сөз жоқ, компаниядағы ақша ағынын да еселей түседі.
200 млрд теңге дивиденд төлемек
Дивидентік саясатқа сәйкес, компания дивиденд ретінде еркін ақша айналымының 50 пайызына дейінгі көлемде төлем жасауға ниетті. Келесі үш жылда егер мұнай бағасы барреліне 70 доллардан төмен түсіп кетпесе, компания жыл сайын кем дегенде 200 млрд теңге (барлық акционерлерге төленетін сома) көлемінде дивиденд төлеп отырмақ. Әрине, төлем жасау туралы шешім шығару кезінде қарыз жүктемесінің деңгейі міндетті түрде ескеріледі.
«ҚазМұнайГаз»-ды бағалау компанияға келіп түсетін және компаниядан шығатын ақша ағыны болжамын есептейтін DCF әдісіне (дисконталған ақша ағыны) негізделді. Сондай-ақ біз «ҚазМұнайГаздың» бақылау үлесі жоқ ірі компанияларды да жеке-жеке бағаладық. Ондай компаниялар тізіміне «Теңізшевройл», «Қашаған», «Каспий құбыр желісі консорциумы» және «Маңғыстаумұнайгаз» кіреді. Негізінен ақша ағыны доллармен келіп түсетіндіктен ҚМГ акцияларын қоса алғанда портфельдегі валюта тәуекелдері әртараптандырылады деп күтіледі. Біз бағалау кезінде капитал нарығындағы ставкалардың өсуін, «Теңізшевройлдың» кеңеюі есебінен ҚМГ табысының өсімін, «Қашағандағы» ҚМГ үлесінің екі есе артуын және мұнай-химия саласындағы жаңа өндірістердің іске қосылуын ескереміз. Біздің қорытынды мақсатты бағамыз – орналастыру бағасынан 52 пайызға потенциалды өсумен бірге 12 800 теңге болды. Сатып алуға кеңес береміз», дейді Freedom Finance Global аналитигі Данияр Оразбаев.
Акцияға өтінім беру жолдары
Осы ретте, IPO-ны асыға күткен оқырмандарға акцияларды Freedom Finance Global арқылы қалай сатып алуға болатынын түсіндірейік.
- Ресми сайт арқылы ffin.kz;
- Колл-орталыққа хабарласу арқылы (7555 тегін қысқы нөмірі бойынша);
- Кеңсеге келу арқылы. Кеңсе еліміздің барлық ірі қалаларында бар.
Сонымен қатар, әлеуетті инвесторлар Freedom Bank, Freedom Life, Freedom Insurance кеңселері немесе Freedom Mobile көмегіне жүгініп, IPO туралы негізгі мағлұмат алып, ары қарай Freedom Broker арқылы акция сатып ала алады.