Инвестиция портфелінде қанша акция болуы керек деген сұрақ көпшілікті алаңдататын сауал. Әр инвестор өз мақсатына, тәуекелге деген көзқарасына және нарықтағы жағдайларға сәйкес шешім қабылдайтынын бірден айтып алайық. Сіз нарыққа қанша ақша салсаңыз да әртараптандыру — инвестициялық портфельдің негізгі қағидасы, яғни, тәуекелдерді азайту үшін активтерді бірнеше компанияға және секторларға бөлген жөн. Бұл туралы Jusan Invest кеңінен тарқатады.
5-10 акция: Бұл стратегия шоғырландырылған портфельді білдіреді. Яғни, сіздің таңдауыңыз белгілі бір компанияларға немесе салаларға бағытталды деген сөз. Бұл жерде шығынға ұшырау қауіпі өте жоғары, бірақ үлкен табысты көздейтін тәсіл.
10-20 акция: Бұл жан-жақты теңдестірілген әдіс деп есептеледі. Портфель жеткілікті түрде әртараптандырылған, яғни, сіз бір саланың немесе компанияның құлдырауынан зардап шекпейсіз. Сонымен бірге акциялар саны басқаруға қолайлы.
20-дан көп акция: Акциялар саны тым көп болса, оны басқару кішкене қиындайды. Сонымен қатар, шамадан тыс әртараптандыру портфельдің кірісін төмендетуі ықтимал. Өйткені, сіз түскен табыстан салық төлейтініңізді ұмытпаңыз. Сондықтан тәжірибелі инвесторлар көп жағдайда 10-20 акция арасында қалуға тырысады.
Акцияларды қалай таңдау керек?
Салалық әртараптандыру: Бір секторға ғана кіріп кетпей, жан-жақты қамтуға тырысыңыз. Мысалы, қаржы, технология, денсаулық сақтау, тұтынушылық тауарлар сынды секторлар арасында бөлуді қарастырыңыз.
Географиялық әртараптандыру: Тек бір елдің компанияларына инвестициялау қаржылай шығынға ұшырау қауіпін өсіреді. Сол себепті, шетелдік компанияларға да назар аударыңыз, бұл сіздің портфеліңізді жаһандық экономикалық өзгерістерден қорғауға көмектеседі.
Инвестициялық портфельге 10-нан 20-ға дейін акция қосу — орташа әртараптандыруға және тәуекелді басқаруға қолайлы нұсқа. Дегенмен, әр инвестордың көздеген мақсатына байланысты бұл санды өзгертуге болады. Ең бастысы — акциялардың сапасы мен шығын қауіпінің тепе-теңдігін сақтау керек.