Бүгінде исламдық қаржы нарығы әлем бойынша 90-нан астам елде таралған. Еуразия даму банкінің деректеріне сәйкес, Орта Азия бойынша исламдық қаржыландырудың 68%-ы Қазақстан үлесіне тиесілі. Бұл ретте, ITS халықаралық сауда алаңы 14 қаңтардан бастап Қазақстанда ITS Shariah (ITSS) индексіне негізделген, яғни, шариғат заңдарына бағынатын ITSS белгісімен ETF акцияларының саудасын бастады. 

Инвестициалау бойынша шариғат стандарттарын AAOIFI (Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions) Исламдық қаржы институттарына арналған бухгалтерлік және аудиторлық ұйым шешеді. Осы орайда, Шариғат Байқау кеңесінің басшысы Мұхаммад ИбраҺим Эсса мүфтидің айтуынша, инвестиция жасайтын қарды құралының шариғат талаптарына сай болуы үшін негізгі үш талап бар.

1. Халал бизнес. Мұсылман, мұсылман еместер, атеист болсын – кез-келгені исламдық қорларға инвестиция сала алады. Ал сатып алған қаржы құралы халал болуы үшін компанияның өнімі мен қызметі халал болуы тиіс. Мәселен, IT компаниялар, автомобиль өндірісі, алкогольсіз сусын шығарушылар, құрылыс индустриясындағы кәсіпкерлік инвестициялай алады. Ал доңыз еті қосылған және алкоголь өнімін шығаратын компаниялардың құнды қағазын сатып алса, халал емес.  

2. Несие көлемі. Құнды қағаз шығарған компанияның мойнындағы несиесі белгілі бір шектен аспауы тиіс. Нақтырақ айтқанда, несиенің меншікті капиталға қатынасы (debt-to-equity ratio) 30%-дан аспауы керек. Бұрын бұл көрсеткіш 49% болған, кейін біртіндеп 30%-ға дейін төмендеп отыр. Алдағы уақытта мұны 0%-ға төмендетуді көздеп отырғанын жеткізді.

3. Харам табыс үлесі. Үшіншіден, компанияның ислам тұрғысынан тыйым салынған табысының үлесі 5%-дан көп болмауы қажет. Егер табыс көзі дұрыс ашылмаса, онда оны анықтау үшін қосымша шаралар қолданылады, мұқият зерттеу жүргізіледі.

«Біз компанияның негізгі ісі туралы күнделікті бақылау жасап отырамыз. Мәселен, бір компания телефон сатады делік. Алайда, ол қосымша банк саласымен де айналысатын болса, біз бірден тізімнен шығарамыз. Ал қаржылық тексерісті ай сайын немесе жарты жылда бір есеп шыққан кезде жүргізіп отырамыз», — деп атап өтті Шариғат Байқау кеңесінің басшысы Мұхаммад ИбраҺим Эсса мүфти.

Сондай-ақ, Шариғат Байқау кеңесінің басшысы Coca-colа, Pepsi сынды сусын шығаратын компаниялардың өнімдеріне қатысты алып-қашпа әңгімелерге түсініктеме берді. Мұхаммад ИбраҺим Эсса мүфтидің сөзінше, шариғаттың бұйрығы бойынша, еттен басқа тамақтың бәрі бірден халал саналады, тек еттің ғана халал малдікі болуы және шариғат талабымен сойылуы талап етеді. Ал еттен басқа барлық тамақ халал саналады. Дүкендегі шоколад, сусындарды халал-халал емес деп бас қатыруымыз қажет емес.

Бұдан өзге, мүфти ЛГБТ қолдайтын компанияларға қатысты сауалдарға жауап берді. Айтуынша, ITS Shariah индексінің портфолиосына кіретін компаниялардың маркетингі емес, табыс көзі басты назарда. Сол себепті олардан ислами маркетинг жүргізу сұралмайды. Сол секілді компания басшылығының діні, жеке көзқарасы немесе компанияның қоғамдағы жағдайларға қатысты ұстанымы маңызды емес.