*Сурет АХҚО баспасөз қызметінен алынды
Технологиялар әлемді, әсіресе, бизнес-үлгілерін жылдам өзгертеді — бұл стартаптар үшін қолайлы болса, классикалық корпорациялар үшін қауіпті. Finreview осы саладаыэғы зерттеуімен бөліседі.
И.Адизес атындағы әлемге танымал бизнесті басқару жүйесіне сәйкес компанияның өмірлік циклі адамның өмірлік цикліне ұқсас келеді. Алдымен стартап дүниеге келеді, ол өсіп-дамиды, тұрақтылыққа қол жеткізеді, ескіреді. Бірақ соңғы жиырма жылда бұл кезеңдердің ұзақтығы тез қысқарды. Мысалы, елу жыл бұрын S&P500-ге кіретін компаниялардың орташа өмір сүру ұзақтығы 33 жыл болса, 90-шы жылдары ол 23 жылға дейін қысқарды, ал бүгінде ол 12 жылға да жетпейді.
Бұл барлық дерлік өмірлік процестерді жылдам өзгертетін технологиялық ортаға байланысты. Егер бұрын айналымды ұлғайту, қызметкерлер санын кеңейту және клиенттік базаны дамыту үшін ондаған жылдар қажет болса, қазір бірнеше жыл қажет. Жас технологиялық компаниялар үшін бұл жағдай мүмкіндіктер ашса, ірі корпорациялар үшін қауіп төндіруде. Сондықтан ірі компаниялардың жұмыс істеу тәртібін оңтайландыра алатын корпоративтік инновациялар олардың қызметін қорғаудың таптырмас құралына айналуда.
FinReview.info сарапшылары Қазақстанда корпоративтік инновациялар қалай дамып жатқанын және олардың ірі компаниялар үшін неліктен маңызды екенін анықтауға тырысты.
Корпоративтік инновациясыз өсім болмауының үш себебі
Заманауи әлемде стартаптар даму жылдамдығы бойынша ірі корпорациялардағы әріптестерін басып озуда. Операциялық үрдістердің ауқымы ірі компаниялардың икемділігін азайтады және көбінесе өсу мен кеңею үшін болашағы бар жаңа мүмкіндіктерді анықтай алмайды. Стартаптар, өз кезегінде, саланың қалай жұмыс істеп, дамитынын жақсы біледі. Сондықтан, корпорациялар стартаптармен ынтымақтастығы нәтижесінде және көбіне енгізілген инновациялық шешімдердің арқасында нарықта өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын нығайтады. Бұған үш себеп бар.
Біріншіден, корпоративтік инновациялар экономикалық пайда әкеледі. Мәселен, инновациялық шешімдерімен танымал Kaspi.kz компаниясының табысы 2021 жылдың үшінші тоқсанында 55 пайызға өсіп, 251 миллиард теңгеге жеткен. Бұл ретте қаржылық технологиялар кәсіпорынға 150 миллиард теңге табыс әкелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық.
Екіншіден, инновация бәсекелестік артықшылық береді. Мысалы, ChocoFamily электронды коммерция компаниясы 2020 жылы өзінің айналымын айтарлықтай арттырды. Офлайн-алаңдардың жабылуына байланысты ChocoTravel туристік агенттігінің сатылымы 20%-ға өсті, ChocoFood сервисіне тапсырыстар 2 есеге ұлғайды, Rakhmet қосымшасы арқылы сатып алулар 2,5 есеге артты.
Үшіншіден, инновация қазіргі заманғы болмыста өмір сүрудің алғышартына айналуда. Технологиялық жағынан жетілген компаниялар пайда болды, олармен бәсекелестік нарықтағы компаниялардың бизнес-үлгілерінің ғана емес, сонымен бірге тұтас экономика секторларының да өзгеруіне алып келуде. Мысалы, Uber такси шақыру қызметі, Wildberries маркетплейсі немесе Vinci Agency PR агенттігінің нарыққа келуімен қазақстандық бизнестің цифрлық ортаға деген көзқарасы өзгерді. Енді инновациялық шешімдерді жасамай, бәсекелесу қиындай түседі.
Енді қазақстандық нарықтағы жағдайға тоқталайық.
Қазақстандық реалиялар: корпоративтік инновациялар әзірге тек алғашқы қадамын жасауда
Алдымен, Қазақстанда қандай ірі кәсіпорындар басым екенін анықтау маңызды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, олардың саны 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 2 357 компанияны құрады. Бірақ бұл статистикаға штат саны 250-ден асатын кәсіпорындар ғана кіреді, ал компаниялардың айналымы туралы бірыңғай деректер жинақталмайды.
Бұған дейін біз зерттеу жүргізе келе қызық фактіні анықтадық – бюджетке ағылатын салық түсімдерінің 46 пайызын елу ірі кәсіпорын құрайды. Бұл ретте аталған тізімдегі 19 кәсіпорын мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады.
Аталмыш салаларда іс жүзінде бәсекелестік жоқ екені анық. Бұл кәсіпорындардың корпоративтік инновацияны дамытуға мүдделі екенін білдіреді. Шындығында, нарықтың әлі де жетілмеуінің себебі осыған байланысты болып отыр.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының TechHub ұйымы дайындаған CorpUpKazakhstan 2021 есебіне сәйкес, корпоративтік инновациялар әдетте бұзатын технологиялары мен бизнес-үлгілері бар епті және жылдам ойыншылардың тарапынан қарқынды бәсекелестік байқалатын елдерде дамыған. Қазақстанда негізгі салалардағы бәсекелестік деңгейінің төмендігі мен мемлекеттік сектордың үлесі үлкен болуына байланысты инновациялар әрдайым ұзақмерзімді артықшылықтың негізгі құралы ретінде қарастырыла бермейді.
Десе де, нарықта инновациялық корпорациялар жоқ емес.
Қазақстандағы ТОП-10 инновациялық корпорациялар
АХҚО TechHub ұйымдастырған зерттеу аясында Қазақстанда жұмыс істейтін 70-тен астам стартап арасында онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың негізгі мақсаты – стартап-жобалардың пікірі бойынша инновациялық шешімдерді енгізуде қандай корпорациялар көшбасшы екенін анықтау.
Күтілгендей, жетекші орындарды Kaspi.kz, ChocoFamily, Beeline, BIGroup және Kolesa иеленді.
Бірақ бұл жерде назар аударарлық ерекшелік бар – стартаптар негізінен жеке сектор компанияларын ең инновациялық корпорациялар санайтынына қарамастан, көп жағдайда олар әлі де «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және «Қазақтелеком» және т.б. сияқты жүйе құраушы квазимемлекеттік корпорациялармен ынтымақтасқысы келеді. Дегенмен, олар мұндай ынтымақтастыққа әрдайым қол жеткізе бермейді. Әдетте, бұған кедергі болатын – жоғары бюрократия, стартаптар өз шешімдерін ұсына алатын бір арнаның жоқтығы, инновациялық мәдениеттің төмендігі және жоғарыда айтылғандай, әлсіз бәсекелестік орта. Соған қарамастан, нарықта стартаптар мен ірі компаниялар арасында сәтті өзара әрекеттесу жағдайлары бар.
Үш сәтті кейс
Алдымен, ең танымал — BIGroup ірі құрылыс-инновация холдингі мен 2018 жылы құрылған SmartRemont стартабынан бастайық. Олардың әрлеу бойынша бірлескен ынтымақтастығына дейін жөндеу мүмкіндігі шектеулі пәтерлердің тек 10% ғана сатылған. Енді клиенттерге пәтерлерді әрлендірудің жүзден астам нұсқалары қолжетімді, сондай-ақ, олардың сұранысы бойынша бірегей жөндеу мүмкіндігі бар. SmartRemont стартабы қазірдің өзінде 2000-нан астам нысанды сәтті іске асырды, 600-ден астам жөндеу жұмысы жүргізілуде, ал келісімшарттары жасалған 1500-ге жуық нысан әлі аяқталмаған және жөндеу жұмыстарының басталуын күтуде.
Келесі мысал — Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі Сбербанк және заңгерлер мен адвокаттарды табу үшін нарықты іске қосқан Zan.Bar стартабы. Олардың бірлескен жұмысы банктік шот бойынша қозғалысты тоқтата тұруға немесе шектеу мәселелеріне тап болған банк клиенттеріне білікті заңгерді немесе адвокатты жылдам табуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, банктің қызметтерін пайдалануды жаңарту клиенттің лайықты заңгерді өз бетінше іздегеніне қарағанда жылдамырақ болады. Ал бұл өз кезегінде, жоғалған пайданы азайтып, банк пайдаланушыларының адалдығын арттырады. Қазірдің өзінде Сбербанктің 80-ге жуық клиенті стартаптың қызметтерін күнделікті пайдаланады.
Үшінші жағдай – Alfa Bank Kazakhstan және онлайн-касса қызметін ұсынатын Webkassa стартабы. Стартап банк клиенттеріне тиімді және ыңғайлы шешім ұсынды – техникалық қызмет көрсету мен тіркеу шығындарын қажет етпейтін бақылау-кассалық аппараты. Енді кәсіпкерлерге POS-терминал сатып алудың қажеті жоқ, ал касса ұялы телефоннан онлайн режимде қолжетімді.
Келесі кезекте біз стартап-жобалардың ұлттық экономикаға әсері қандай екенін қарастырамыз.
Стартаптар 2026 жылға қарай ЖІӨ-дегі инновациялардың үлесін 7%-ға дейін арттыруға көмектеседі
Стартаптардың ұлттық экономика үшін басты әсері инновациялық бизнестің өсуі болып табылады. Технологиялық шешімдерді әзірлеу және енгізу арқылы стартап-жобалар елдегі іскерлік белсенділікті ынталандырып қана қоймай, экономиканың нақты секторына қолдау көрсетеді. Мысалы, Шығыс Еуропа елдерінде, АҚШ, Қытай, Жапонияда дамыған стартап нарығының арқасында ЖІӨ құрылымындағы инновациялардың үлесі 25%-дан асады.
Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 2,4%-ды құрайды. Бірақ әлі қалыптасу сатысында тұрған стартап-нарық қазірдің өзінде қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, елдегі инновациялық белсенділік алдағы жылдары айтарлықтай артуы мүмкін. Алдағы бес жылда инновацияның үлесі жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 7%-ын құрайтын болады.
Corpus Kazakhstan 2021 есебі АХҚО Tech Hub сайтында сілтеме бойынша қол жетімді.