Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,6%, бір жылда 25,7% өсіп, 2022 жылғы тамыздың соңында 20 681,3 млрд теңге болды, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Жалпы іскерлік белсенділіктің төмендеуі және Ресей банктерінің еншілес ұйымдарының кредиттік белсенділігінің қысқаруы аясында заңды тұлғалардың кредиттік портфелі бір айда 0,5% төмендеді (негізінен шетел валютасындағы кредиттердің қысқаруына байланысты).
Сонымен қатар Ресейдің еншілес банктерін қоспағанда, ЕДБ заңды тұлғалардың кредиттік портфелі биылғы тамызда 0,1% өсті (теңгеде – 0,8% өсті, шетел валютасында – 2,3% төмендеді). Халықтың жоғары инфляцияны болжауы сақталып отырған жағдайда жеке тұлғалардың кредиттері 2,9%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі бір айда тұтынушылық кредиттеу және жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар есебінен 1,9% ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер іс жүзінде өзгерген жоқ, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,9% өсті.
Кредиттерді долларсыздандыру үрдісі сақталып отыр. Айырбастау бағамының нығаюы аясында шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 695,2 млрд теңгеге дейін 2,5% азайды.
Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,5%, жеке тұлғаларға берілген кредиттер – 2,4% төмендеді. Нәтижесінде 2022 жылғы тамыздың соңында теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 91,8% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды.
Тамызда ұзақ мерзімді кредиттердің қысқа мерзімді кредиттерден озық өсуі байқалды. Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 1,8%, қысқа мерзімді кредиттер – 0,5% ұлғайды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы тамызда 4 038,0 млрд теңгеге дейін 1,1%, былтырдан бері 39,5% өсті.
2022 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі аздап өсіп, 16,2% болды
(2021 жылғы тамызда – 11,6%, 2022 жылғы шілдеде – 16,1%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша – 17,8%-ға дейін артты (17,2%, 16,3%).