Сәуір айында елде жылдық инфляция баяулап, 8,7%-ды құрады (наурызда – 9,1%). 15 өңірде жылдық инфляция бәсеңдеді. 4 облыста қарқын алып, 1 өңірде өзгеріссіз қалды.
Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында тіркелді.
Сәуірде азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 6,3%-ға дейін баяулады (наурызда – 6,9%). Осы топқа жататын тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (9,9%) барынша тез, ал Ақтөбе облысында (4,4%) мейілінше баяу өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны бір жылда 7,6%-ға дейін бәсеңдеді (наурызда – 8,2%). Ең жоғарғы мән Маңғыстау облысында (13,5%), ең төменгі мән Алматы облысында (5,2%) тіркелді.
Сәуірде ақылы көрсетілетін қызмет бағасы бір жылда 13,5%-ға дейін жеделдеді (наурызда – 13,2%). Сонымен қатар, Ақтөбе облысында (17,5%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Ұлытау облысында (8,3%) айтарлықтай төмен өсті.
Сәуірде ел бойынша айлық инфляция 0,6% өсті. Бұл тарихи орташа мәнге сәйкес келеді (2017-2021 жылдардағы сәуірде – 0,6%).