Тұтыну бағаларының айлық индексі 2023 жылғы қазанда 0,7% құрады (ағымдағы жылғы қыркүйекте – 0,6%). Ақылы қызметтер және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – әрбіреуі 0,8%-дан, азық-түлік тауарлары 0,5% өсті.
Ақылы қызметтер саласында тұрғын үйді жалға алудың бағалары – 2,3%, қонақ үйлердің қызметі – 2,2%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру 2,1% өсті. Су бұруға тарифтер 3%, қоқыс шығаруға – 1,5% өсті.
Биыл қазанда бағалардың өсуі тас көмірге – 2,3%, ағаш отынға 0,8% байқалды. АИ-98 маркалы бензин – 3,7%, АИ-95/96 бензин 1,5% қымбаттады. Баға теледидарға – 8,3%, ноутбукке – 6%, электр жылытқышқа 4,7% өсті. Бағаның төмендеуі жуу және тазалау құралдары бойынша байқалды – 0,6%.
Азық-түлік тауарлары арасында бағалар қызанаққа – 9,6%, жұмыртқаға – 5,5%, қиярға – 5,3%, ұнға – 4,3%, кондитер өнімдеріне – 1,3%, нанға 1,2% өсті. Бағаның өсуі темекі өнімдеріне – 2,1%, алкогольді сусындарға – 1,2%, минералды және ауыз суға 0,9% байқалды. Көкөністер – 1,8%, күнбағыс майы – 0,9%, жармалар 0,8% арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Шымкент қаласында – 1,1% (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында – әрбіреуінде 0,4%-дан тіркелді.
Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының ең жоғары қымбаттауы – Шымкент қаласында – 1,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – Маңғыстау облысында – 1,8%, ақылы қызметтер – Атырау облысында 2,5% өсті.
2023 жылғы қазанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 10,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 10,4%, ақылы қызметтер – 11%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,1% өсті.
2022 жылғы қазанмен салыстырғанда қырыққабат 69,1%, күріш – 40,3%, жүзім – 46,7%, апельсин – 28,1%, сәбіз – 22,4%, консервіленген сүт 22% қымбаттады. Парацетамолға баға – 70%, ацетилсалицил қышқылына – 32,3%, йодқа 21,5% өсті. Дизель отыны – 35,1%, сұйытылған газ – 12,8%, тас көмір 12,6% қымбаттады. Қоқыс шығаруға тарифтер 32%, су бұруға – 27,6% өсті. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 20,1%, құмшекер – 16%, күнбағыс майы 16,2% арзандады.