Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем балансының алдын ала бағалауын дайындады.
Алдын ала бағалау бойынша, 2021 жылдың 9 айында ағымдағы шот (-)3,0 млрд АҚШ доллар тапшылығымен қалыптасты. Ағымдағы шот тапшылығының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,9%-ға қысқаруы тауар балансы жағдайының жақсаруына байланысты. Тауар балансы профициті 15,1 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,8%-ға өсті. Бұл жақсару импорт ағындарының өсуі жағдайында экспорттың едәуір өсуіне байланысты.
Тауарлар экспорты 20,4%-ға 43,1 млрд АҚШ долларына дейін артты. Бұл өсім, біріншіден, әлемдік мұнай бағасының қалпына келуіне байланысты. Мұнай мен газ конденсатының экспорты, сандық жеткізілімдердің 9,2%-ға азаюына қарамастан, 19%-ға немесе 3,6 млрд АҚШ долларына артты. Алайда, III тоқсандағы мұнай бағасы өсуінің жалғасуы статистикада толыққанды IV тоқсанда ғана көрініс табатындығын айта кету керек.
Эспорттың өсуіне қара және түсті металдар да айтарлықтай әсер етті. Жиынтық есеппен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда металл экспорты 2,4 млрд АҚШ долларына артты.
Сонымен қатар, тауарлар импорты 2,7%-ға ғана 28,0 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Пандемияға дейінгі кезеңде импорттың негізгі драйверлері инвестициялық және аралық тауарлар болса, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, олардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға қысқарды.
Осылайша, жоғарыда аталып өткен импорттың өсуі тұтыну тауарлары импортының өсуімен түсіндіріледі, олар 2021 жылдың 9 айы бойынша 21,4%-ға немесе 1,5 млрд АҚШ долларына өсті. Тұтыну импортының көп бөлігін азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрайды, автомобильдер, телефондар, дәрі-дәрмек, киім-кешек сияқты тауарларды – шетелдік сатып алулар 25,9%-ға немесе 1,3 млрд АҚШ долларына өсті.
Шетелдік инвесторлардың кірісі 53,7%-ға артып, 15,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл шикізат тауарларына деген бағалардың өсуімен айқындалған төленетін дивидендтердің 53,2%-ға және қайта инвестицияланған кірістердің 2 еседен астам шамаға өсуімен түсіндіріледі.
Айта кетейік, 2021 жылдың 9 айы бойынша алдын ала қорытындылар Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келеді.