Ибрагимов мұрагерлері Қазақстандағы ERG бизнесінен кетеді

Eurasian Resources Group (ERG) акционерлері компанияны екі тәуелсіз құрылымға бөлу туралы шешім қабылдады. Қазақстандағы активтер жеке компанияға, ал халықаралық активтер ERG International негізінде құрылған жаңа компанияға біріктіріледі. Соңғысы Әлиджан Ибрагимовтың отбасына толық тиесілі болады.

Компанияның хабарлауынша, бизнестің екі бағытын да сату жоспарланып отырған жоқ. Қайта құрылымдау қазіргі акционерлер арасында жүргізіледі. Меншік иелерінің құрамы тек компанияны бөлу процесіне тікелей байланысты деңгейде өзгереді.

Айта кетейік, 2026 жылғы мамырда қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп ERG акцияларының 39,3%-ын сатып алу мәмілесін ресми түрде аяқтаған. Қазіргі акционерлік құрылым мынадай:

  • «Самұрық-Қазына» қоры – 40%;

  • Шахмұрат Мүтәліп – 39,3%;

  • Әлиджан Ибрагимовтың мұрагерлері – 20,7%.

ERG International негізінде құрылатын жаңа халықаралық компания Әлиджан Ибрагимовтың отбасына толық тиесілі болады. Оның басшылығына қазіргі ERG бас директоры Шухрат Ибрагимов келеді.

Жаңа компания Африкадағы мыс пен кобальт өндіретін негізгі активтерді біріктіреді. Оның негізгі міндеттері өндірістік тиімділікті арттыру, шығындарды азайту, жұмыс істеп тұрған кен орындарының пайдалану мерзімін ұзарту және активтері орналасқан елдердің үкіметтерімен әрі жергілікті қауымдастықтармен байланысты нығайту болмақ.