«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше, 2025 жылғы желтоқсанда ресми дилерлер 27 464 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатты. Бұл өткен жылғы рекордтық желтоқсанмен салыстырғанда 7,3% көп. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша сатылым көлемі 234 852 автокөлікті құрап, алдыңғы жылдың қаңтар–желтоқсан айларымен салыстырғанда 14,4% артты. Осылайша, Қазақстандағы жаңа автокөлік сатылымы қатарынан екінші жыл 200 мыңнан асты.

2025 жылы сатылымның шарықтау шегі дәстүрлі түрде екінші және төртінші тоқсандарда тіркелді. Желтоқсан айы үшінші жыл қатарынан айлық сатылым бойынша рекорд жаңартты.

2025 жылғы сатылым қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы ең танымал брендтер ондығында Hyundai көшбасшылығын сақтап қалды. Қаңтар–желтоқсан айларында 50 868 Hyundai автокөлігі сатылды (+15,4%). Екінші орында Chevrolet – 38 880 (+25,7%). Үшінші орынды Kia иеленді – 23 402 (+1,5%). Жыл бойы төртінші орын үшін қытайлық екі бренд бәсекелесті: Chery (14 570; −2,1%) және Jetour (14 507; +52,6%).

Жыл қорытындысы бойынша Haval алтыншы орында (11 688; +6,4%). Toyota жетінші орынға жайғасты – 11 338 (+2,7%). Сегізінші орында Changan маркасы – 11 260 (+32,3%). ТОП-10 тізімін Jac (10 330; −12,2%) және Geely (9 621; +16,6%) толықтырды.

Қазіргі таңда нарықта 75-тен астам автокөлік бренді ұсынылғанына қарамастан, сатылымдардың 80%-дан астамы әлі де ірі он компанияның үлесінде қалып отыр. Қытайлық маркалардың үлесі, олардың қатысуы айтарлықтай кеңейгеніне қарамастан, өткен жылдың деңгейінде сақталып, 39%-ды құрады.

2025 жылы Chery Tiggo 2 және Changan CS55 Plus модельдері Алматы қаласындағы жаңа зауытта өндірістен шығып, «қазақстандық тіркеуге» ие болды. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда сатылған ең танымал алғашқы он модельдің барлығы елімізде өндірілген. ТОП-10 тізіміндегі алғашқы үштік өзгеріссіз қалды: Chevrolet Cobalt (31 802), Hyundai Tucson (20 697) және Kia Sportage (10 988).

Одан кейінгі орындарда Hyundai Mufasa (8 203), Hyundai Elantra (7 867), Hyundai Santa Fe (5 764), Chevrolet Onix (5 732), Changan CS55 Plus (5 558), Chery Tiggo 2 (5 278) және Jac S3 (5 130) орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы ең танымал 10 модель қатарын Chevrolet Cobalt (26 537), Hyundai Tucson (22 389), Kia Sportage (8 834), Hyundai Elantra (6 520), Chery Tiggo 2 (5 310), Haval M6 (5 185), Chery Tiggo 7 Pro (4 907), Jac J7 (4 585), Hyundai Santa Fe (4 423) және Kia Sorento (4 208) болған.