Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленген Халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырды.
ҰЭМ басшысы өз сөзінде Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізгенін атап өтті.
«Тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың нақты табысының өсу қарқыны 2019 ж. 6,4%-дан 2021 ж. 2,9%-ке дейін баяулады. Халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден түсетін кірістердің өсуі байқалады», - деді Ә.Қуантыров.
Бағдарламада жұмысшы жастар; халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыру; бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы; еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою; кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру тәрізді басымдықтар белгіленді.
Министр Бағдарламаның ұлттық жобалармен өзара байланысты екенін және халықтың еңбек табысының артуы, ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру, сатып алу қабілетін қорғау тәрізді негізгі бағыттар бойынша бөлінген 80 шарадан тұратынын атап көрсетті.
«Еңбек табысын арттыру бағытында 22 шара іске асырылады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және ғылым саласы қызметкерлерінің орташа жалақысын көтеру жоспарлануда. Ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бойынша 41 шара іске асырылады. Іс-шара жастарды жұмыспен қамту бойынша «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобаларын, сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін іске асыруды қамтиды», - деді министр.
«ШОБ дамытуды ынталандыру Кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде кредиттер/микрокредиттер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, моно-, шағын қалалар мен ауылдық елдімекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылады», - деді Ә.Қуантыров.
Табыстың сатып алу қабілетін қорғауға ерекше назар аударылады. Осы бағытта азық-түлік тауары өндірісін ұлғайту, ішкі нарықтың импортын негізгі азық-түлік емес тауармен алмастыру және халықтың проблемалық қарыздарымен жұмыс істеу бойынша банктердің жеке жоспарларын қабылдау шараларын іске асыру жоспарлануда.
«Аталған шараларды тиімді іске асыру 2025 жылға қарай 5 нысаналы индикаторға жоспарлы түрде қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесін 34,5%; жалпы табыстағы еңбек қызметінен түсетін табыстың үлесін 76,2%; табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесін 5,2%; жұмыссыздық деңгейін 4,7% жеткізу; бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн-нан астам адам үшін жұмыс орнын құру», - деді Ұлттық экономика министрі.