Еліміздегі көлік сатуға арналған онлайн алаңдардың бірі — kolesa.kz сайты қолданушыларының 35%-ы жаңа көліктерге қызығушылық танытады. Алайда, іс жүзінде хабарландыру иелеріне тек оның 6%-ы қоңырау шалады. Яғни, қазақстандықтардың жаңа көлікке мінуге қызығушылығы болғанымен, оны нақты сатып алуға әзірге шамасы жетпей жатыр. Бұл жөнінде «Такси Қазақстан 2024» форумында Kolesa Group  компаниясының коммерциялық директоры Наталья Сочивко айтты. Оның сөзінше, kolesa.kz сайтына ай сайын 5,6 млн адам кіреді. Сол себепті аталған деректер компанияға тәуелсіз сараптама жасауға мүмкіндік беріп отыр.

«Сұраныс мәселесіне келер болсақ, құны 5 млн теңгеге дейінгі көліктерге деген қызығушылық соңғы үш жылда 23% төмендеді. Дегенмен, бұл санат сайтта тіркелген хабарландырулардың топ үштігіне кіреді. Біздің сайттағы барлық ұсыныстың 80%-ы он жылдан асқан көліктер. 39%-ы - жиырма жылдан ескі көліктер», — деп атап өтті Kolesa Group Коммерциялық директоры Наталья Сочивко.

Спикер сайттағы хабарландырулар базасының 90%-ы Жапония, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея автомобильдерінің негізінде жасалғанын атап өтті. Соған қарамастан, қытайлық көлік іздеп хабарласатындардың дені үш жылда 7 есе өсіп, 35%-ға жеткен, дейді Наталья Сочивко.