Микроқаржы ұйымдары несие бергенде жауапкершілікті сезіне ме?

Алматыда Орталық Азиядағы микроқаржы нарығының болашағына арналған Орталық Азия микроқаржы форумы 2026 өтті. Форум барысында Орталық Азиядағы микроқаржы нарығын реттеудегі өзгерістер, несие берудегі жауапкершілік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.

Алматы декларациясы қабылданды

Форумның басты қорытындыларының бірі — Орталық Азия елдерінің микроқаржы ұйымдары қауымдастықтарының Алматы декларациясын қабылдауы.

Құжатта өңірде тұрақты, ашық және жауапты микроқаржы нарығын дамытуға бағытталған ортақ басымдықтар белгіленді. Олар:

  • несие берудегі жауапкершілік және халықтың борыштық жүктемесін төмендету;

  • тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауатты арттыру;

  • алаяқтықпен күрес;

  • қаржы қызметтерін дұрыс цифрландыру;

  • мемлекет, реттеушілер мен нарық қатысушылары арасындағы диалогті күшейту;

  • Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамыту.

Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Ербол Омархановтың айтуынша, микроқаржы секторы маңызды трансформация кезеңінен өтіп жатыр.

Оның сөзінше, халықтың борыштық жүктемесін төмендету, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық алаяқтықпен күресу және цифрлық технологияларды жауапкершілікпен енгізу — өңір елдеріне ортақ міндет.

16 микроқаржы ұйымы марапатталды

Форум аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның микроқаржы ұйымдарын марапаттау рәсімі өтті.

16 ұйым корпоративтік басқаруды дамытуда, кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті қолдауда, сондай-ақ клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда көрсеткен нәтижелері үшін марапатқа ие болды.

Бірқатар келісімге қол қойылды

Форум барысында инклюзивті қаржыландыруды, клиенттерді қорғауды және салалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірнеше құжат бекітілді.

Атап айтқанда, әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру кодексінің қағидаттарын ұстану туралы міндеттеме хатқа қол қойылды. Бастама Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында әйелдердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге және әйелдер кәсіпкерлігін несиелеуді дамытуға бағытталған.

Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығы Қазақстан медиаторлары қауымдастығымен меморандум жасасты. Құжат дауларды сотқа дейін реттеу, қарыз алушылармен коммуникация сапасын арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуды көздейді.

Сонымен қатар Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығы «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қорымен қаржылық, цифрлық және тұтынушылық сауаттылықты дамыту, сондай-ақ заңсыз кредиттеу, қаржы пирамидалары мен алаяқтықтың алдын алу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Форум Орталық Азиядағы микроқаржы секторының одан әрі дамуы технологиялық шешімдер мен капиталдың жаңа көздерімен қатар, несие берудегі жауапкершіләк қағидаттарын, клиенттердің сенімін және мемлекет, бизнес пен кәсіби қоғамдастық арасындағы тұрақты диалогті қажет ететінін көрсетті.

Қабылданған Алматы декларациясы өңір елдерінің микроқаржы қауымдастықтары арасында тәжірибе алмасу мен бірлескен жұмыстың жаңа негізін қалыптастырды.

Форум TAS GROUP, Sapa Group, Arnur Credit, Азия Кредит Қоры және MOST Finance компанияларының бас серіктестігімен өтті. Серіктестер қатарында KMF Банк, Jet Finance, R Finance, Tarlan Payments, Бірінші кредиттік бюро, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы, Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қоры (IFAD) және Neptune болды.