2023 жылы отандық банк секторы өзінің тұрақтылығын сақтады. Салымшылар салымдар бойынша жоғары табыстылықтың артықшылықтарын пайдаланды. Бөлшек депозит нарығы 20 трлн теңгеден асты.

Теңгелік салымдар – бөлшек саудалық депозиттік база үшін өсудің басты қозғаушы күші болып қалуда. Олардың бұлайша өсуі валюталық тәуекелдерге қарамастан, теңгелік активтер бойынша табыстылықтың жоғары екендігіне ғана емес, қазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сенімінің нығаюына да тығыз байланысты. 2016 жылдың басында бөлшек саудалық теңгелік депозиттердің үлесі бар болғаны 21%-ды құрады. ҚР Ұлттық Банкі мен ҚДКБҚ-ның бірлесе атқарған жұмыстарының арқасында кейінгі жылдары валюта бағамын тұрақталдыруға қол жеткізілді және теңгедегі депозиттік өнімдердің табыстылығын валюталық тәуекелдерді өтей алатындай деңгейде арттыру арқылы олардың тартымдылығы қамтамасыз етілді. Мысалы, 2022 жылы теңге бағамы 7% төмендеді, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша құбылмалы болғандығына қарамастан 2% нығайды. Бұл ретте 2022-2023 жылдары теңгелік депозиттер бойынша орташа табыстылық 14% шегінде түрленіп отырды. Бұл осы қарастырылып отырған кезеңде азаматтардың валюталық қайта бағалау арқылы қол жеткізген табысынан бірнеше есе жоғары. Одан басқа, теңге бағамынан әр кез ұтып отыру мүмкін емес – адамдар көп жағдайда валютаны қымбаттаған кезде сатып алады да арзандаған кезде сатады. Осылайша қазіргі уақытта теңгелік депозиттер халық арасында ең танымал және ең сұранысқа ие қаржы құралдары: 2023 жылы олардың өсімі 33,7%-ды құрады (бұл 2016 жылдан бері ең жоғарғы мән), ал жыл соңына қарай бөлшек саудалық портфельде теңгелік депозиттердің үлесі 73%-ға жетті.

2023 жылы халықтың валюталық депозиттерінің үлесі төмендеді және бөлшек саудалық депозиттік портфельдің долларлануы қолайлы (26,8%) деңгейге жетті.

Шетелдік зерттеулерге сүйенер болсақ, валюталық депозиттер үлесінің 30%-дан аспауы долларланудың ең қолайлы деңгейі болып саналады. Еліміз соңғы бірнеше жыл ішінде ҚР Ұлттық Банкінің жан-жақты ойластырылған ақша-несие саясатының арқасында осы межеден өтті. Осылайша бүгінде халық жинақ ақшаларының басым бөлігін негізгі есеп айырысуларды жүргізу және табыстылықты қамтамасыз мақсатында теңгеде сақтаса, тәуекелдерді әртараптандыру үшін аз бөлігін валютада сақтайды.

Нарықтың сегменттері бөлінісінде долларлану деңгейі бойынша теңсіздік байқалуда. Ірі сегментте долларлану деңгейі 53,6%-ды құрады, ал бұқаралық сегментте керісінше валюталық депозиттердің үлесі барынша азайды – 2023 жылдың соңына қарай ол 11,5%-ды көрсетті. Осы ретте жыл барысында дәл осы ірі сегментте валюталық депозиттердің ең көп азайғандығы байқалды (8,1%). Бұған олардың теңгелік салымдарға және шетел валютасындағы қаржы құралдарына айырбасталуы себеп болды.  

2023 жылы нарықта ең жоғары өсім жинақ салымдарда байқалды. Бұл халықтың қаржылық сауаттылығының біртіндеп артып, ақша жинау мәдениетінің қалыптаса бастағанын білдіреді. Салымшылар қауіпсіздік көпшігін жасау немесе барынша жоғары табыс алу үшін ақшаны ұзақ мерзімді депозиттерге салу секілді өздерінің жеке мақсаттарына қарай, қолда бар қаражаттарын салымдарға бөліп салу ісіне саналы түрде, байыппен қарай бастады. Нарықтың негізгі бөлігі мерзімсіз салымдарға тиесілі болғанымен (64,0%), банктер жинақ салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлемелер ұсынады және заңнама бойынша басқа салымдарға қарағанда ең жоғары кепілдік мөлшері белгілеген. Осыған байланысты салымшылар мерзімінен бұрын алу бойынша қатаң шектеулерге қарамастан, жинақ ақшаларының бір бөлігін салымдардың осы түріне салуда. Мақсаттары – жоғары табыстылыққа қол жеткізу. Нәтижесінде 2023 жылы жинақ салымдар бойынша ең жоғары өсім тіркелді – 43,9%. Осы ретте мерзімсіз салымдар бойынша өсім – 23,1%-ды, ағымдағы және карточкалық шоттар бойынша – 12,8%-ды құрады.

Қазіргі уақытта банк салымдары сенімділігі мен табыстылығының жоғары болуына байланысты халық үшін ең тиімді қаржы құралы болып табылады. Мысалы, жыл соңында жинақ салымдар бойынша нарықтық мөлшерлемелер 17,5%-ды құрады. Ал жылдық инфляция 2023 жылы 20,7%-дан 9,8%-ға дейін төмендеді. Нәтижесінде қысқа мерзімді салымдар бойынша орташа нақты табыстылық IV-тоқсанда 5,8 п.т.-қа жетті. Әйтпесе 2023 жылдың алғашқы жартысында ол теріс мәнге ие болған еді. ҚР Ұлттық Банкінің ағымдағы ақша-несие саясаты және 2024 жылдан бастап, халық депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеудің директивті механизмінен нарықтық механизміне өту аясында алдағы уақытта нарықта жеке тұлғалардың салымдары бойынша мөлшерлемелер төмендейді деп күтілуде. Бұған банктердің ұзақ мерзімді салымдар бойынша ұсынып жатқан табыстылықтың едәуір төмендігі дәлел бола алады. Дейтұрғанмен, инвестицияның басқа түрлерімен салыстырғанда салымдар бойынша мөлшерлемелер жоғары деңгейде деуге болады. Ал депозиттер бойынша кепілдіктердің қарастырылғанын ескерсек, ақша жинаудың бұл түрі халық үшін әлі де ең тартымды және қорғанысы жоғары қаржы құралы болып қала бермек.