Қаңтар–шілде айларында ЖІӨ өсімі 6,3%-ға жетті. Бірақ сыртқы саудадағы көрсеткіштер мұндай қарқынды қолдай алмай отыр. Экономистердің айтуынша, экономикалық серпіннің негізгі көзі – халықтың тұтынуы мен қарыз есебінен болған шығындар.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экспорты долларлық мәнде 4,4% төмендеді, ал импорт 3,3% өсті. Нәтижесінде таза экспорт 29% қысқарды.
Экономист Владислав Туркиннің айтуынша, бұл ЖІӨ өсіміне экспорттың еш үлес қоспағанын көрсетеді.
Талдаушылардың бағалауынша, ЖІӨ-нің артуына екі фактор әсер еткен: тұрғындардың тұтыну шығындары, капиталдың жиналуы.
Алайда бұл жерде де қауіп бар. Халықтың нақты табысы төмендеп жатқанына қарамастан, тұтыну көлемі ұлғайып отыр. Сарапшылар мұны несиенің шамадан тыс көбеюімен байланыстырады.
Туркин бұл тенденцияны «пирамидалық сипаттағы өсім» деп сипаттайды.
«Экономика табыстың емес, қарыздың арқасында өсіп жатыр. Бұл – сапалы дамудың емес, керісінше, шамадан тыс қызудың белгісі. Ол импорттық сұранысты күшейтіп, инфляцияны көтереді, бірақ ұзақ мерзімді әл-ауқатқа қызмет етпейді», – дейді экономист.
Қазақстандағы жоғары ЖІӨ өсімі сырттай тұрақтылықтың белгісіндей көрінгенімен, оның астарында құрылымдық проблемалар жатыр. Экспорттың әлсіздігі мен қарызға сүйенген тұтыну экономикаға ұзақ мерзімді тұрақтылық бермейді. Сарапшылардың айтуынша, сапалы өсім үшін өндірістік экспортты дамыту мен қаржылық тепе-теңдікті қалпына келтіру қажет.