2023 жылдың төртінші тоқсанында бір қазақстандықтың кірісі 305 мың теңгені, ал шығыны 277 мың теңгені құрады. Бұл ретте адамдар табысының басым бөлігін азық-түлік өнімдеріне жұмсайды, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
ҰСБ 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы жеке кірістер статистикасын жариялады. Бұл статистика тек жұмыс істейтін халықты ғана емес, сонымен қатар жәрдемақы мен зейнетақы алуы мүмкін балалар мен зейнеткерлерді де қамтиды.
Бюроның мәліметінше, Қазақстан халқының орташа табысы бір жылда 21,2% өсіп, 2023 жылдың төртінші тоқсанында 305 мың теңгеге жеткен. Бұл шамамен айына 101 мың теңге. Астана тұрғындарының ең жоғары орташа табыс деңгейі тоқсанына 430 мың теңгені құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент пен Түркістан облысында. Бұл өңірлердегі табыс деңгейі орташа республикалық деңгейден 27% төмен – төртінші тоқсандағы 221 мың және 212 мың теңге. Қазақстандықтардың табысының басым бөлігі (74%) жалақыдан, 16,8% зейнетақыдан және 3,7% жәрдемақыдан келеді.
Қазақстандықтардың шығыны да артып келеді. Орташа есеппен тоқсанына шамамен 277 мың теңге немесе айына 92 мың теңге жұмсайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3% жоғары.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, барлық кірістің басым бөлігі тұтыну шығындарына (249 мың теңге) түседі:
- 138 мың теңге – азық-түлік тауарларына (бір айда 46 мың теңге)
- 65 мың теңге – азық-түлік емес тауарларға (бір айда 21,7 мың теңге)
- 46 мың теңге – ақылы қызметтерге тиесілі (бір айда 15,3 мың теңге).
Қазақстандықтар тоқсан сайын алиментке шамамен 5 мың теңге, ал несие мен қарызды өтеуге 16 мың теңге жұмсайды.
Осылайша, шығынның 50%-ы азық-түлік тауарларына жұмсалады. Бұл ретте қазақстандықтардың айына шамамен 9 мың теңге бос ақшасы бар.