2025 жылдың II тоқсанында қазақстандықтардың орташа шығыны  1,02 млн теңгені құрады. Оның 91%-ы тұтынушылық мақсаттарға жұмсалған. Бұл дерктерді Ұлттық статистика бюросы жариялады. Сарапшылар мұндай құрылым халықтың табыс деңгейі әлі де төмен екенін және жинақ пен инвестицияға мүмкіндік аздығын көрсететінін айтады.

Негізгі шығын – тамақ

Барлық шығынның 52%-ы, яғни 536 мың теңгеден астамы – азық-түлікке кеткен. Бұл – халық үшін ас-ауқат әлі де бірінші орында тұрғанын айғақтайды.

• азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 22%

• қызметтер – 20%

Сонымен қатар орта есеппен әр отбасы 66,5 мың теңгені несие пен қарыз төлеуге бағыттайды. Бұл шамамен барлық шығынның 6,5%-ын құрайды.

Өңірлердегі жағдай

Шығындар көлемінде өңірлер арасында үлкен алшақтық байқалады:

Көшбасшы – Ұлытау облысы: 1,45 млн теңге. Ең төменгі көрсеткіш – Шымкент: 831 мың теңге. Айырмашылық 1,7 еседен асады.

Ұлытаудағы ең қымбат өмір қарызға да байланысты: шығындардың 19%-ы несие өтеуге кетеді. Ал Шымкентте керісінше – қарыз жүктемесі аз (12,7 мың теңге).

Қала мен ауыл

Қала тұрғындарының орташа шығыны – 1,04 млн теңге, ауылда – 976 мың теңге. Қалада қызмет пен тауарға көбірек ақша жұмсалады. Ауылда негізгі шығын азық-түлікке (537 мың теңге) кетеді.

Айта кетерлігі, кейбір өңірлерде ауылдағы шығын қаладан да жоғары. Мысалы, Алматы облысында ауылдағы шығын – 1,04 млн теңге, қалада – 854 мың теңге болған.

Қызылорда облысында ауылдағы шығын – 1,34 млн теңге, қаладағы шығын – 1,03 млн теңге.