Үш айға созылған төмендеуден кейін халықтың депозиттері қайтадан өсті: портфель бір айда трлн теңгеге жуық өсіп, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін 13,71 трлн теңгеге жетті. Еске салайық: бұған дейін Украинадағы соғыстың басталуымен және соған байланысты ауыр геосаяси дағдарыс кезінде бұл көрсеткіш төмендеді: наурызда – 654,7 млрд теңгеге, сәуірде – 280,5 млрд теңгеге, мамырда – тағы 120,7 млрд теңгеге азайған. Маусым айы жағдай түзелген алғашқы ай болды, деп хабарлайды finprom.kz.
Айта кету керек, тұтастай алғанда сектордағы өсімнің 37%-дан астамын бірден бір қаржы институты – Halyk Bank қамтамасыз етті: бар болғаны бір айдың ішінде елдегі ең ірі банк халық депозиттері портфелін 370,2 млрд теңгеге өсіріп 4,69 трлн теңгеге жеткізді. Қазіргі уақытта Halyk Bank жеке тұлғалардың депозит нарығының 34,2%-ын алып отыр. Дағдарыс кезінде де портфельдің мұндай өсуі Halyk Bank тұрақтылығына, ауқымы мен халықтың оған деген сенімін көрсетсе керек. Айтпақшы, қаржы институты үшін мұндай өсу динамикасы тұрақты тенденция. Жылдық мәнде банк жеке тұлғалардың депозиттер портфелін 620,2 млрд теңгеге ұлғайтты, бұл да ҚР екінші деңгейлі банктері арасындағы ең маңызды көрсеткіш болып табылады.
Анықтама үшін: жеке тұлғалардың депозиттері банктің жалпы депозиттік портфелінің 48%-ын алады, ол 1 шілдеде 9,78 трлн теңгеге жетті (бір айда 791,5 млрд теңге өсім).
Жеке тұлғалардың депозиттерінің бір айдағы өсімі бойынша екінші орында Kaspi Bank: 202,4 млрд теңгеге ұлғайып 2,89 трлн теңгеге жетті. Бұл бөлшек депозит нарығының 21,1%-ын құрайды. Жылдық өсім бойынша да банк көш бастап тұр: 494,2 млрд теңгеге көбейді. Бұл банктің Halyk Bank-тен айырмашылығы, Kaspi Bank негізінен бөлшек қаржы институты және жеке тұлғалардың депозиттері банктің жалпы депозиттік портфелінің 86,4%-ын құрайды.
Ай сайынғы өсім бойынша алғашқы үштікте Банк ЦентрКредит бар: 116,5 млрд теңгеге өсіп 1,05 трлн теңгеге жетті. Бұл жеке тұлғалардың ҚР ЕДБ салымдарының жалпы көлемінің 7,6%-ын құрайды.
Бұл ретте жылдық динамика бойынша тағы бір қаржы институты – «Отбасы Банк» портфель өсімі бойынша үздік үштікке енді: 576,6 млрд теңгеге көбейіп 1,93 трлн теңгеге жетті. Бұл нарықтың 14%-ын құрайды. Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне маманданған және тұрғын үй секторындағы даму институты.
Бір қызығы, биылғы жылдың маусым айында төрт банкті қоспағанда, барлық дерлік ЕДБ оң көрсеткіш көрсетті, олардың ішінде күткендей ресейлік еншілес ұйым, Сбербанк (13,1 млрд теңгеге азайды), түріктің KZI Bank-і (6 млрд теңгеге азайды), бұрынғы ресейлік Эко Центр Банкі (410,7 млн теңгеге азайды) және америкалық Ситибанк (47,7 млн теңгеге азайды).
Жалпы, ҚР ЕДБ депозиттерінің жиынтық портфелі биылғы жылдың 1 шілдесінде 26,44 трлн теңгеге (бір айда 2,04 трлн теңге өсім) жетті, ал жеке тұлғалардың салымдары ондағы 51,9%-ды (бір жыл бұрын 50,6% болған) құрады.
ҚР ЕДБ депозиттері көлемінің өсуі – бөлшек және корпоративтік сегменттерінде – қазіргі геосаяси жағдайларда жағдайдың біршама жалпы теңестірілуін көрсетеді. Сонымен қатар, проблемалық банктерден ірі қазақстандық қаржы институттарына халық депозиттерінің ағыны қазақстандықтардың қандай ЕДБ-ға басымдық беретінін және қазіргі дағдарыс кезінде кімге сенуге дайын екенін көрсетеді.