Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,2%-ға азайып, 2022 жылғы сәуірдің соңында 25 877,6 млрд теңгені құрады (жылдық мәнде өсу 8,0% болды). Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 228,7 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 12 649,0 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға төмендеді.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 16 772,9 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды, шетел валютасында 9 104,7 млрд теңгеге дейін 6,7%-ға қысқарды. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы сәуірдің соңында 35,2% (2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 8 450,0 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға өсті, шетел валютасында 4 778,7 млрд теңгеге дейін 7,6%-ға төмендеді (заңды тұлғалардың депозиттерінен 36,1%).
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 322,9 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға азайды, шетел валютасында 4 326,0 млрд теңгеге дейін 5,6%-ға төмендеді (жеке тұлғалар депозиттерінен 34,2%).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,3%-ға ұлғайып, 17 190,7 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 380,9 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 5 809,8 млрд теңге болды.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы сәуірде 11,6% (2021 жылғы сәуірде – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 10,6% (9,0%) болды.